Шымкент қаласының Әділет департаменті нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасады. Осы жаңашылдықтар азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Ашық НҚА» порталы әзірленіп жатқан заң жобалары мен нормативтік құқықтық актілерді (НҚА) талқылау үшін бірыңғай алаң ретінде қызмет етеді. Бұл әрбір азаматқа заңнамалық актілердің жобаларымен танысуға, өз пікірін білдіруге және заң шығармашылық үдерісіне қатысуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 11 айында Шымкент қаласының мемлекеттік органдары порталда 118 НҚА жобасын орналастырды. Есепті кезеңде 23 нормативтік құқықтық акті мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл актілер ауыл шаруашылығы, көлік, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтиды.
Шымкентте заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу толығымен "Электрондық үкімет" порталы арқылы жүзеге асырылады. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландырылып, нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жеткізіледі.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті кепілге қою шарттарын тіркеуде Blockchain технологиясы енгізілді. Бұл өзгеріс азаматтарға ХҚКО-ға жүгінбей-ақ, кепіл шартын бір күн ішінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл рәсім 3 күнді қажет ететін.