Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қостанайда жемқорлықты әшкерелеген Сүндет Байғожинді жұмысынан қуып жіберген (ВИДЕО)

Мәдениет басқармасының басшысы өнер ұжымымен кездесіп, наразы топтың талап-тілегін тыңдады. Бірақ тілшілер қауымына тіс жармады. Әкімдік өкілдері де жұмған аузын ашпады.

Қостанайда жемқорлықты әшкерелеген Сүндет Байғожинді жұмысынан қуып жіберген (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Қостанайдағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда жұмысқа шықпаған әртістерге ақша төленіп отыр. Өнер ордасының бұрынғы директоры бұған көз жұма қарай алмаған. Сол үшін жергілікті шенеуніктер оның жұмыстан өз еркімен кетуін талап еткен. Бұл ақпаратты экс-директор растады, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Қарашаңырақтағы ұжым білікті басшының қызметіне қайтып келгенін талап етуде. "Аттай қалап алғызған" маманды аймақ атқамінерлері неге бағалай алмады?

Сүндет Байғожин 6 ай бұрын туған өңіріне оралып, облыстық филармония басшылығына тағайындалған еді. Әртістер аз уақытта Елубай Өмірзақов атындағы қарашаңыраққа тың өзгерістер енгізгенін жарыса айтты. Филармония жастарын өнермен қатар саламатты өмір салтына жетелеген. Бірақ туған жерге туын тіккелі келген талантты биліктегілер бағаламаса керек.

"9 наурыз күні келіп, ұжымды жинап, "мен осындай өтінішке қол қойдым" дейді. Ол өз шешімімен қойылып отырған мәселе емес. Ол мәселе жоғарыдан келіп отырған. Сондықтан біз, филормония әртістері, осы шешімге қарсымыз. Әлемді мойындатқан әнші-басшыны қарамағындағы бәзбіреулер мойындамаса керек. Олар әкімдікке домалақ арыз жазып, Сүндетті сүріндірмек болған", - дейді Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әншісі Майра Қаржауова.

"Сүндет жұмысын сұраған кезде жұмысын дұрыс атқара алмайтын кісілер бұлданып, бізді қысады, ұлтшыл деп сыртынан арыз жазады екен. Күнде бара бергеннен кейін бір кісілер алған да "істей алмайды, қырып жатыр, құртып жатыр" деген. Сүндетке айтқан, "сен жұмысты босат, істей алмадың" деп", - дейді театр мамандары.

Алайда арызданды деген директордың орынбасары мұны жоққа шығарып, ақталды. Ол басшыдан ешқандай қысым көрмегенін, өнер ұжымы өзіне жала жапты дейді.

"Өзім де таңғалып отырмын. Өте тез, шұғыл болды. Тіпті ешқандай сыбыс естілмеді. Неге олай болғанын өзім де түсінбей қалдым", - дейді филармония директорының міндетін атқарушы Зухра Иманова. 

Бірақ орынбасардың бұл сөзін бұрынғы директор қостамады. Сүндет Байғожин қазір ел астанасында. Директорлық қызметке қайта келуге қарсы емес. Әуелі өнер ордасындағы олқылықтарды ретке келтіру керек дейді.

"Маған ештеңе айтпаған. Мен өзім жұмыс істеп жүріп, заңгермен көптеген нарушение таптым. Бір-екі адам, тіпті, Ресейде. Зарплата жүріп жатыр карантиннен бері. Бірде-бір рет жұмысқа шықпаған. Сол кезде Ерлан Болатұлы ертең кел деді. Келісіп барсам, маған арыз жаз деді өз қалауыңмен. Негізгі себеп сол. Сосын маған Зухра деген зам жұмыс істеткізбеді, басынан аяғына дейін", - дейді әйгілі опера әншісі Сүндет Байғожин.

Мәдениет басқармасының басшысы өнер ұжымымен кездесіп, наразы топтың талап-тілегін тыңдады. Бірақ тілшілер қауымына тіс жармады. Әкімдік өкілдері де жұмған аузын ашпады.