Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Пандемия салдарынан болған қылмыстың 80%-ы - отбасылық" - ІІМ

Зорлық істегендердің 10 пайызы – әкелер мен өгей әкелер. Ал қалғандары баланың анасымен бірге тұратындар, көршілер, туыстар және таныстар.

"Пандемия салдарынан болған қылмыстың 80%-ы - отбасылық" - ІІМ
фото: ашық дереккөз

Пандемияның кесірінен үйде істелетін қылмыс қатары күрт өсіп кеткен. Адамдардың ұзақ уақыт бойы оқшаулануы және ішімдікке салынуы салдарынан зорлық-зомбылық мәселесі ушығып кеткен, деп хабарлады paryz.kz

"Мен бір статистиканы келтірейін, оны әлі еш жерде жариялаған жоқпын. Адамдардың ұзақ уақыт оқшауда отыруы және ішімдікке салынуы салдарынан қылмыстың 80 пайызы үйде жасалады. Басым бөлігі - зорлау және балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Осы қылмыстардың көбісін туыстары жасаған", - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Сенаттағы Үкімет сағатында.

Пандемия уақытында полицейлердің басым көпшілігі блок-бекеттерге шығып, көшедегі санитарлық талаптың сақталуын қадағалауға жұмылдырылғандықтан, тұрмыстық зорлық жайы назардан тыс қалған. Оны бас полицейдің өзі де мойындап отыр.

Министр нақты мәліметтерді де жариялады. Осы санатқа жататын 825 қылмыс тіркеліпті. Соның 669-ын, яғни, 81 пайызын отбасындағы адамдар істеген. Зорлық істегендердің 10 пайызы – әкелер мен өгей әкелер. Ал қалғандары баланың анасымен бірге тұратындар, көршілер, туыстар және таныстар. Осы істерді сотқа жеткізуде қиын жағдай туындап жатады екен.

Министрдің айтуынша, баласы зорлық көрген аналар көбіне өз көңілдестерін жақтап, қарсы дәйек айтудан бас тартады.