Шымкент қаласында көше жарықтандыру жүйесін жақсарту жұмыстары ауқымды түрде жалғасуда, деп хабарлайды Paryz.kz.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпартына сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша жалпы 6714 көше (3897,4 км) бар, оның 2047-сі (884,6 км) жарықтандырылған, бұл көрсеткіш қазіргі уақытта 30,4%-ды құрайды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 1301 көшеге жарық шамдары орнатылады. Оның ішінде 1237 көшеде жұмыстар аяқталып, жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Жұмыстарды 2024 жылдың желтоқсанына дейін толығымен аяқтау жоспарланған.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 38 көшеге жарық шамдарын орнатуда. Қазіргі таңда 4 көшеде жұмыстар жүргізілуде.
Демеушілік қолдау арқылы («АБМ Билдинг 2007» ЖШС) 300 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылады. Қазіргі уақытта 50 көшеде жұмыстар аяқталып, жарық қосылған.
Тұран шағын ауданындағы 13 көшені жарықтандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталуы жоспарланған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша көше жарықтандыру жүйесімен қамту көрсеткішін 35,7%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Бұл жобалар Шымкент қаласының тұрғындарына ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.