Шымкент қаласында 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға орай, дәстүрлі садақ ату спорт түрінен ашық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазіргі таңда елімізде ұлттық ойындар жастар арасында қарыштап дамып келеді. Сайын даланы мекендеген ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан бұл спорт түрлерін өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыстар атқарылуда.
Садақ ату жарысы жастардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, қатысушылар арасындағы достықты нығайтты. Мұндай шаралар өскелең ұрпақты белсенді өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға баули отырып, жағымды ахуал туғызады. Садақ атуға қатысқан жастар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, бұл жақсы жаңалық. Олар мәдени дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын түсінеді және осы құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге белсенді түрде ұмтылады. Әрбір жаңа жарыс өткен сайын бұл спорт түріне жанкүйерлердің қатары артып келеді, бұл оның жастарды тәрбиелеудегі және олардың тұлғасын нығайтудағы маңыздылығын көрсетеді,-дейді дәстүрлі садақ ату спорт түрінің жаттықтырушысы Жәнібек Қумырзаев.
Жүлде алған спортшылар садақ ату спорт түрі демеушілері белгілеген сыйлықтар мен тисті деңгейдегі медаль, дипломдармен марапатталды.