Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

«Ханбибінің биігі» жыр мүшәйрасы мәресіне жетті

Шырайлы Шымкенттің төрінде ақын, "Барыс" және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығын тойлау жалғасып жатыр. Бүгін осыдан үш ай бұрын жарияланған «Ханбибінің биігі» атты жазба ақындар жыр мүшәйрасы мәресіне жетті. 

«Ханбибінің биігі» жыр мүшәйрасы мәресіне жетті
Фото: Шымкент келбеті

Сонымен қатар ақынның құрметіне бірқатар мәдени және ғылыми іс-шаралар өтеді. Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өтетін бұл шаралар ақынның шығармашылығын кеңінен таныстырып, оның қазақ поэзиясына қосқан өлшеусіз үлесін насихаттауға бағытталған.

Жыр мүшәйрасына еліміздің түкпір-түкпірінен ақынның атын сыйлаған, жырын жаттаған 60-қа жуық ақын қатысты. Ақынның шығармашылық болмысын кеңінен танытып, жас ақындардың поэзияға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен мүшәйраға ақындар өлеңдерін алдын-ала онлайн жүйеде жіберген болатын. Өнер сайысының жеңімпаздарын анықтауға еліміздің әр өңірінен келген үздік ақындар атсалысты. Атап айтсақ, ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып және «Серпер» жастар сыйлығының иегері Бақытжан Алдияр қазылық етті. 

- Мүшәйраны үлкен аламан бәйге болып өтті десек қателеспейміз. Олай дейтініміз мүшәйраға мықты, талантты ақындар қатысқанының куәсі болып отырмыз. Небір жас таланттар бар екені қуантты. Ішінде Алашқа аты мәлім Иран Ғайып секілді үлкен ақындар да қатысқан. 

Мүшәйраның әділ өткенінің бір белгісі алдында ақындар аты жасырын болды, кейін жеңімпаз белгілі болғанда өлеңнің авторы белгілі болды. Мүшәйраның өзі о баста ұйымдастырылғанда қазақ поэзиясының жаңа тынысын ашып, заманауи ақындардың таланты мен шеберлігін халыққа паш етуді көздеген еді. Белгілі ақындардың қатары мен жас дарындар Ханбибі Есенқарақызының поэзиясынан нәр алып, өз туындыларын оқырманға ұсынды. Әдеби байқауға қатысқан шығармаларда ақынның өмірі мен өнер жолы, оның ұлттық рухты асқақтатқан шығармаларына деген құрмет ерекше көрініс тапты, - дейді әділ қазылар мүшесі Қазыбек Иса. 

Салтанатты кешті қазақ руханиятының алтын арқауы, сөз өнерінің шебері Ханбибі Есенқарақызының өзі ашты.

- Ақынның мерекесі, ақынның тойы баршамызға ортақ той. Мен 75 жылдықтың поэзия кешімен ашылып отырғанына қуаныштымын. Ақындар көбейген жерде бейбітшілік заман болады, адамдардың бір-біріне деген ықыласы артып, махаббаты оянады. Бүкіл ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысым шексіз, - деді. 

Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындар сөз саптау өнерінде өз ерекшеліктерін көрсетті. Жырларында Ханбибінің өмірге деген құштарлығы, туған жерге сүйіспеншілігі, қазақ әйелінің қайсар рухы мен нәзіктігі суреттелді. Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығының ұлттық мәдениетке қосқан үлесін ерекше атап өтті. 
Қатысушылар үшін бұл шара – өнердің жаңа биіктерін бағындыруға шабыт берген ерекше сәт болды.

Ал, жыр сайысының бас жүлдесі Иран Ғайып ақынға бұйырып, 1000000 теңгені қанжығасына байлады. Түркістан облысының тумасы Ахан Сабыржан бірінші, Астана қаласынан келген Айжан Табарақызы мен Алматылық Мағиза Құнапияқызы екінші орын жүлдесін бөлісті.