Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Тоқаевтың тапсырмасы орындалған жоқ"- сенатор

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындамаған университеттер гранттардан түскен ақшаға жаңа ғимараттарды салуға және ескі нысандарды күрделі жөндеуге жұмсады. Сенатор осы мәселенің негізгі себебін де атады...

"Тоқаевтың тапсырмасы орындалған жоқ"- сенатор
фото: ашық дереккөз

Сенаттың бір топ депутаты Үкіметке сауал жолдап, университет оқытушыларының жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлады paryz.kz, sputnik.kz-ке сілтеме жасап. 

"Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи және көптен күткен шешім қабылдаған болатын. Білім гранттарының бағасы мамандығына қарай 1,3-2,7 есеге көтерілді. Осы ақша білім бағдарламаларын жаңартуға, ең алдымен, оқытушылардың жалақысын көтеруге бағытталуы тиіс еді. Алайда бірқатар жоғары оқу орындарында еңбекақы көтерілмеді", - деді Күрішбаев, Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындамаған университеттер гранттардан түскен ақшаға жаңа ғимараттарды салуға және ескі нысандарды күрделі жөндеуге жұмсады. Сенатор осы мәселенің негізгі себебін де атады. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінде оқытушы-профессор құрамына басымдық беріледі. Осы санаттағы мамандардың біліктілігін үнемі ұштап отырады. Олар жоғары оқу орнының бағытын, тіпті, бюджет шығынын да анықтайды, басшыны сайлайды. Осылайша ұжымдық шешім қабылданады, барлығы ортақ іске атсалысып жүргенін біледі.

Ал Қазақстанда университеттер жанындағы ғылыми кеңестердің нақты басқару тетігі жоқ. Ондай құрылымдар декларативті органға айналды және ректораттар шешімін ғана орындайды. Оқытушылар мен профессорларды Директорлар кеңесінің құрамына да алмайды. Өйткені акционерлік қоғамдар заңнамасы бойынша рұқсат жоқ. Осының салдарынан оқытушылардың жағдайы мәз емес. 

"Қазақстанда мемлекеттік университетте жұмыс істейтін қатардағы оқытушының жалақысы, шамамен, 120 мың теңге. Сонда мектеп мұғалімі алатын жалақыдан да төмен болып тұр. Ал оқытушы-профессор құрамының жүктемесі, шамамен, 700 академиялық сағатты құрайды. Оған қоса, сабаққа дайындалып, ғылыммен айналысуы керек. Куратор ретінде тәрбие беру жұмысын жүргізу қажет", - деді Күрішбаев.

Сенатор университеттерге академиялық дербестік берудің нәтижесінде басшылыққа көп мүмкіндік жасалғанын жеткізді. Алайда оқытушылардың өздері ғылыми кеңестер арқылы ЖОО-ны және бюджетті басқару шараларына қатыса алмай отыр.