Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында Сенаттың экс-төрағасы Дариға Назарбаеваны “мықты спикер болды” деп мақтады.
«Мен Дариға Нұрсұлтанқызының қарамағында бір жарым жыл қойын-қолтық жұмыс істедім. Жұрт анау десін, мынау десін, ол мықты Сенат спикерлерінің бірі болды, оны ашық айта аламын. Оған пікірімді ашық айтатынмын. Ол кісінің есігі ашық болды әр уақытта, кіріп-шығу оңай болды. Дариға Нұрсұлтанқызын спикер ретінде қатты бағалаймын. Бұл субъективті пікірім» — деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сондай-ақ экс-сенатор Дариға Назарбаеваға айтылатын сындарға қатысты ойын білдірді.
«Ол да адам, трагедиялық отбасы. Баласының өлуі, оның ауруға ұшырауы, қайтыс болуы — трагедия. Менің де балаларым бар, оған түсіністікпен қараймын. Ал байлығына қатысты әңгімелерге келсек, ол менің құзыретіме жатпайды, арнайы органдар шешер. Ал бірақ адам ретінде, спикер ретінде, сол кездегі сенаторлардың көпшілігінен сұраңыз, Дариға Нұрсұлтанқызы туралы бір ауыз жаман сөз айта алмайды. Өйткені ол ашық спикер болды, түсіністікпен қарайтын спикер болды, кейбір нәрселерді түбіне дейін қарайды. Заң жобалары қаралғанда фермерлерді сөзін бөлмей сағаттап отырып тыңдайтын. Мен үшін Дариға Нұрсұлтанқызы қарапайым болды», — деді экс-сенатор.