Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Республика күні қарсаңында БҚО-да қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін цех ашылды

Бөрлі ауданының орталығы болып табылатын Ақсай қаласында қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) көп. Оралдағы ҚТҚ полигонынан кейін қалдық заттар осында мол жиналады. Оған жергілікті тұрғындардың көптігімен қатар, Қарашығанақ кенішінен шығарылатын қалдықтар да себеп болуда. Республика күні қарсаңында Ақсайда ашылған ҚТҚ-ны өңдеу цехы полигонға кететін қалдықтардың азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Республика күні қарсаңында  БҚО-да қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін цех ашылды
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдінің баспасөз қызметі

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың, БҚО экология департаменті, ҚПО б.в. компаниясы басшыларының қатысуымен ашылған цехтың ірге тасы 2018 жылы қаланған еді. Алдағы уақытта мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп қана қоймай, түрлі өнімдер шығару да көзделуде. 

-Бұл жоба тек Ақсай, Бөрлі ауданы үшін емес, жалпы облыс үшін  маңызды. Кәсіпорын жылына 5000 тонна қоқысты іріктеп, керегін кәдеге жарататын болады. Аталмыш жобаға 2 млн доллар инвестиция салынды. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алдағы уақытта кәсіпорынның әлеуеті артып, мұнда еңбек ететін жандар қатары көбейеріне сенім мол,-деді тұсаукесер салтанатында сөз алған Бақытжан Нарымбетов. 

Цехқа жетекшілік ететін «Digitalisation Recycling» компаниясының   құрылтайшысы болып табылатын Динар Хамиевтің айтуынша, олар алғашында Ақсай қаласында қоқыстарды шығарумен айналысқан. ҚТҚ-ны өңдеуді қолға алмақ мақсатта Еуропалық даму банкінен грант ұтып, Франциядан осы бағыттағы сарапшыны шақыртқан.  Сол сарапшымен келісе отырып алдағы уақытта құстың жұмыртқасын салуға арналған қағаз кассеталар, шпагатты жіп және шина шығару көзделіп отыр. Содан кейін электр қуатында да өндіру жоспарда бар. Бұл бағытта қазір тиісті жұмыстар мен келісімдер жүріп жатыр.

Цехта қазір 30-дан аса адам еңбек етуде. Олар келген шикізатты іріктеп, кәдеге аспайтындарды арнайы пеште өртейді. Мұнда қалдықтар түріне қарай іріктеледі. Мәселен, картон қағазын пресс-машинада, Пластиктер бөлек арнайы техникада өңделеді. 

Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықовтың сөзіне қарағанда, 1980 жылы пайдалануға беліген жергілікті полигондағы тұрмыстық қал¬дық¬тар аз емес. Оларды уақытылы өңдеп, өртеу арқылы жойып отырмаса, суға, топыраққа және ауаның ластануына әсері көп. Сон-дықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар. Сол себепті осынау полигоннан әрірек жерге, нақты айтқанда Ақсай-Жымпиты жолы жағынан жаңа ҚТҚ полигонын салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. 

Осынау полигонды сенімгерлік басқаруға алған «Ақсайтазасервис» ЖШС жаңа полигонда да тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехын ашуды көздеп отыр. 

Айта кету керек, 2025 жылға қарай республика көлемінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34%-ға дейін жеткізу мемлекет алдында тұр¬ған нақты міндеттердің біріне айналды. Сол себепті аталған мәселені шешу үшін экологиялық қаупін азайтуға мүмкіндік бере¬тін технологиялық және экономикалық сая¬сатты талдап, әлемдік тәжірибедегі оның даму тенденцияларын ескеруді және жергілікті жағдайға бейімдеуді қажет етеді. Мамандар Еуропаның Германия, Аустрия, Швеция және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі негізгі үш бағытқа сүйеніп, аталған өнімнің құн¬ды компоненттерін қайталама шикізат ретінде қолдануға және қайта өңдеуге басымдық берілетінін айтады.

Ақсайда іске қосылған жаңа цех та осы бағытта жұмыс істеуде.

-Ең бастысы, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тіршілік ету ортасының сапасына жауапкершілікпен қарауды, қоқыстың бөлек жиналу маңыздылығы мен қажеттілігін, халықтың экологиялық санасын, қоғамдық пікірін қалыптастыру мен сұрыптау ережелерін түсіндіру қашанда маңызды рөл атқармақшы,-дейді жергілікті экологтар.

 

Қуаныш ҚАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы