Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Ботам» деп жылау мүлдем бөлек»: Шерзаттың әкесі пышақ ұстап шықты дегендерге жауап берді

Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында 16 жастағы ұлын өлтіріп кеткен Қаржаубай Нұрымов өзін айыптағандарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ботам» деп жылау мүлдем бөлек»: Шерзаттың әкесі пышақ ұстап шықты дегендерге жауап берді
фото: видеодан скриншот

Өткен күні камерада түсірілген видео тарап, онда Шерзаттың әкесінің де пышақпен жүргенін байқауға болады.

 «Олар пышақпен келді. Мен енді қаламмен немесе қағазбен шықпаймын ғой. Жалынып, жалбарынып сұрадым, қолдарын алдым. Сол жерде қолдарын еркекше беріп кетті. Артынан келіп істеп отырған тірлігі – мынау. Мен, Шерзат немесе Нұрғанат біреуіміз сол жерде қан төксек бізді қаралап, «қанішер» десеңіздер болады. Мен қан төккен емеспін, қан төкпеймін де. Менің басымдағы жағдайды, қарындасымның, анамның, әйелімнің қалай жылағанын көрсеңіздер түсінесіздер. «Анам, әкем» деп жылау бір бөлек, бірақ «ботам» деп жылау мүлдем бөлек. Мен қазақ болған соң бірде-бір қазақтың қаны төгілмесін деймін. Айтарым осы. Соттаймын, атамын десеңіздер, өздеріңіз білерсіздер», – деді марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов.

Ол бұлай жалғаса берсе әділдікке сенбейтінін, тіпті Қазақстаннан көшуге мәжбүр екенін айтты. 

«Енді мен әділдік болады дегенге сенбеймін. Баламнан айырылып, үйімнен айырылып отырғанда, енді келіп осылай жасап жатыр. Амал тек отбасымды аман-есен алып шығып кетуім керек. Бір ғана өтінішім бар, қазақ елінде ешқандай қан-төгіс болмасын. Тоқаев мырзадан сұрайтыным, отбасымды аман-есен алып, басқа мемлекетке көшіп кетуіме жағдай жасасын», - деді марқұмның әкесі.