Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

БҚО-да Донор ауданның мерейтойы өтті

Бәйтерек Ақ Жайық өңіріндегі ең ірі, әлеуеті зор аудан болып табылады. Яғни 60 мыңнан аса тұрғыны, 22 ауылдық округі бар аудан Орал қаласын қоршай орналасқан. Облыстың «алтын қамбасы», азық-түлік белдеуінің негізін қалыптастырушы ретінде де саналады. Бәйтеректің 85 жылдығы тойланған кезде облыс басшылығы осынау жайттарға назар аударып, еңбекқор тұрғындарға табыс тіледі, деп хабарлайды Paryz.kz.

БҚО-да Донор ауданның мерейтойы өтті
Фото: Қуаныш ҚАЛИ

-Бәйтерек – Батыс Қазақстан облысындағы егінді өлке. Соңғы төрт жылда егістік жердің көлемі айтарлықтай ұлғайып, қамба  астыққа толды. Бұл - ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері, ел дамуына қосқан үлесі. Сонымен қатар жеке инвестиция тарту бойынша да аудан алдыңғы қатарда. Бәйтерек облыстағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша авангарды десек артық емес. Округтармен қатар елді мекендерде де абаттандыру ісі қарқынды жүруде. Медицина, білім беру, мәдениет нысандары, үй құрылысы, жол жөндеу қарқын алып, ауыз су, көгілдір отын мәселелері оң шешімін табуда. Осының бәрі - тұрғындардың ауызбіршілігі, депутаттарымыздың, кәсіпкер азаматтардың ұйымдасқан ісінің жарқын жетістігі. Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жақсы көрсеткішке қолжеткізген респблика бойынша алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екенімізбен де мақтанамыз. Сол себепті еңбектің қадірін түсінген, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, жақсы нәтижеге жетіп жүрген жерлестеріме алғысымды білдіремін. Осы мерейлі күнді, қуанышты сәтті бөліскелі келген барша қонақтарға қош келдіңіздер дегім келеді,-деді мерейтойлық мерекені ашқан Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.

Аудан орталығы Переметный ауылы маңындағы атшабар алаңына ұйымдастырылған мәдени-спорттық іс-шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Мерекелік концерт театрландырылған көрініспен басталды. Онда бәйтерек ұғымы, оның астарында жатқан тарих, аудан мен терек атауының арасындағы байланыс, Сәкен, Бейімбет, Ілия секілді қазақтың үш бәйтерегі сықылды жайттар ақсақал мен немересі арасында өрбіген әңгіме аясында көрініс тапты.

Сахна төріне шыққан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс әкімі жұмыс сапарымен елордаға кетуіне байланысты осында келе алмағанын айтып, бәйтеректіктерді Нариман Төреғалиұлының атынан құттықтады.

-Бәйтерек ауданы еңбекқор, достық құшағы кең тұрғындарымен ерекшеленеді. Соның және ауданның бұрынғы, қазіргі басшылығының іскерлігінің арқасында 2022 жылдан бастап Бәйтерек облыстық бюджеттің доноры, яғни өңір экономикасының драйвері болып танылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды Еңбек адамы жылы деп жариялағаны белгілі. Мұндай мәртебеге лайық жандар ауданда аз емес,-деген Қайыржан Ермекұлы Бәйтеректің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұрғындарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Облыстық бюджеттен 2023-2024 жылдары санитарлық автокөлік сатып алуға 150 млн теңге бөлінген болатын. Сол қаржыландыру есебінен аталмыш ауданға былтыр 4 «Соболь» автокөлігі алынса, биыл да дәл осы шамада, осындай маркілі техникалар қаралған. Облыс әкімінің орынбасары сол төрт көлікті де тарту етті. Су жаңа жедел жәрдем көліктері Махамбет, Маркаров, Январцев, Сұлукөл ауылдық округтарына берілді.

Іс-шара аясында болған ауыл шаруашылығы техникалары мен малдардың, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен гүлдер фестивалі, агроөнімдерінің жәрменкесі де көптің көңілінен шықты.

Мерейтойға орай ұйымдастырылған қазақ күресі, көкпар, арқан тартыс, асық және садақ ату секілді ұлттық спорттық ойындары да тартысты өтті.

 

                                                                                                                                            Қуаныш Қали