Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі

Ядролық физика институтының жекекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов атом энергетикасының артықшылығы және әлем елдерінің тәжірибесі туралы бөлісті, деп хабарлайды Paryz.kz.

АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі
Фото: pixabay.com

– Данияр Маралұлы, АЭС бізге не береді және оның перспективасы туралы түсіндіріп берсеңіз. 

– Ең алдымен елімізде жаңа технолоиялық бағыт пайда болады. Әлемдегі 32-і елде АЭС бар. Бірақ барлығында атом станциясы 3 немесе 3+ бауынына жатпайды, тек 10-12-і ғана жоғары технология станциялармен жабдықталды. Яғни атом саласындағы жетекші мемлекеттер оншақты деуге болады. 

АЭС бізге не береді деген сұраққа келетін болсақ, экономикалық тұрғыда тиімді. Елдің инвестициялық тартымдылығы артады. Шетелдің ірі-ірі компаниялары АЭС-ті сенімді энергия көзі ретінде бағалайды, екінші жағы, заманауи технологияны қолданатын ел ретінде мойындайды. Екінші жағы, экологиялық тұрғыда тиімді. Өйткені ауаға газдар бөлінбейді. Үшіншіден, қауіпсіздігі жағынан толық кепілдік беріледі.

Атом станциясы орта есеппен 10-12 жылда салынып, оның бюджеті 12-15 миллиард доллар құрауы мүмкін. Сарапшылардың арасында қоғамты қаржы жұмсағанша, шағын станциялар салғанымыз дұрыс дейтіндер бар. АЭС-ті салсақ 60 жыл тұрақты энергия көзі болады, жөндеу жұмыстарын жүргізіп тағы 20 жылға созу мүмкіндігі бар. 

Әлем елдерінде 60 реактор жұмыс істеп тұр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, станция жұмыс істеп тұрған кезде 3 миллиард доллар салық ретінде ел бюджетіне қаржы түседі. Екінші жағы, станцияны салу барасында 8 мың адам тұрақты жұмысқа тартылады. Іске қосылғаннан кейін 2 мың адам озық технологиялы станцияда жұмыс істейді. 60-80 жыл АЭС-те 2 мың отандық маман тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бастысы, АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі. Әзірге атом энергетикасының орын басатын өзге станциялар жоқ.

– Сіз АЭС-те қауіпсіздігі жағынан толық кепілдік беріледі деп отырсыз. Осыны қарапайым адамдарға толық түсіндіріп берсеңіз.

– Халық «АЭС салында ма біз ешқандай жерді пайдаланбауымыз керек, ол жерде адам тұрмауы керек, ол жерде ауыл шаруашылығымен айналыспау керек» деп ойлауы мүмкін. Олай емес, қазіргі санитарлық қорғау аймағы 3 шақырымнан аспайды.

Атом станциясының отыны – уран. Өзге станциялардан айырмашылығы – осы. Елдегі 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін станцияларда өндіріледі. Уранның түрлері көп. АЭС-ке 4-6 пайыз байытылған Uranium-235 қолданылады. Атом энергия жөніндегі халықаралық агентігінің статистикасы бойынша, автивті аймақта (реактордың отын тұратын жері) апат болу ықтималдылығы (балқып кетуі) мүлде мүмкін емес. «Реактор жарылады» дейтін адамдар бар. Бұл – қате тұжырым. Реактор жарылмайды. Өйткені жарылу үшін Uranium-235-і 90 пайыз уранмен байытылуы керек. Ал, реакторда 4-6 пайызды уран ғана болады.

Енді реактордық құрылымына келейік. Реактордың корпусы жоғары сұрыпты 200 миллиметр болаттан құйылады. Автоматтандырылған жүйе арқылы реактор қызған кезде суытылып тұрады. Активті және пассивті өзара қайталанатын қауіпсіздік жүйелері бар. Мәселен адами фактордан қателік кеткен жағдайда, пассивті жүйе іске қосылып, дер кезіңде кемшіліктің алдын алады. Одан бөлек, 3+ буынды станциялардағы активті аймақ шамамен 12-20 метр болады. Оның сыртында қорғау қабығы орналасады. Ол 1 метрі бетон жауып тұрады. Бұл аймақ табиғи және антропогендік қауіптерден сақтайды. Реактор шахтасының төменгі бөлігінде ауыр авариялар кезінде активті аймақтың балқуын оқшаулау үшін «балқыма тұзағы» салынады. Жердің астындағы диаметрі – 12-20 метрді құрайды. 1000 жылда бір оқиға орын алып, реактор балқып, радиация бөлінетін болса, автивті аймақ төмендегі «балқыма тұзағына» түсіп, автоматты түрде оның төбесі жабылады.

Атом электр станциялары салыстырмалы түрде аз отынмен жұмыс істей алады. Салмағы небәрі 3 грамм болатын уранның өзі бір тонна көмір немесе 480 литр мұнай сияқты көп энергия береді. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырары сөзсіз.

– Тұрақты энергия көзін алуға ұмтылып жатқан елдер АЭС-ке басымдық беруде. Мұның себебі неде? Озық елдердің АЭС-ке көзқарасы қандай? 

– Қазір әлем бойынша 415 реактор жұмыс істейді. Яғни 200-ден астам АЭС энергия беріп тұр. Озық елдердің арасында Германия, Швеция атомдық бағдармасына сақтықпен қарап жатыр дейтіндер бар. Бұған бұл елдердің ішкі себебі бар. Біріншіден, Германиядағы болсын, Швециядағы болсын атом станциялары алғашқы буынға жатады. Сосын толық жауып тастаған жоқ, экономикасына қажетті энергияның 50 пайызына дейін ескі АЭС-ден алып отыр. Қалған бөлігін көрші елдерден тасымалдайды. Мәселен, Германия Франциядан, Швеция Финляндиядан электр энергиясын импорттайды. Еуропа мемлекеттері арасында экономикалық интеграция жоғары.

Франция тұтынатын энергияның 70 пайызын АЭС-тен алады және артығын көрші елдерге сатады. Ресми Париж үшін энергия көзге көрінбейтін мұнай болып тұр.

Біріккен Араб Әмірлігі АЭС-тен энергия алуға көшті. Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ниетті. Арабтарда – мұнай, өзбектерде газдың мол қоры бар. Солай бола тұра бұл елдер атом бағдарламасын ілгерілетуді басымдық етті. Өзбекстан уран отынының бізден не Автралиядан алады. Мұның басты себебі жаһандық жылынудың алдын алу. Дизель, газ, көмір станцияларынан көмірқышқыл газы шығады. Париж келісімшартына байланысты әлем елдері 2060 жылға дейін ауаға бөлінетін газдың көлемін азайтуы тиіс.

– Атом бағдарламасын дамытып жатқан тағы қандай елдер бар?

– 2007 жылдан бері Түркияда АЭС салынуда. Жақында екі реакторы іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ Мысыр, Сауд Арабия, Бангладеш, Тайланд және Мексика атом саласын дамытуда. 

Атом энергия жөніндегі халықаралық агентігінің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін, яғни 2 есеге өседі. Қазір Қытайда 26, Үндістанда – 7, Ресейде – 4, Оңтүстік Кореяда, Жапония және Ұлыбританияда – 2, Франция, Бразилия, Аргентина, Иран, Словакияда 1 раектор салынып жатыр.

– Қазақстанның АЭС салудағы артықшылығы бар. Солай ма?

– Біріншіден, көптеген елдер атом энергиясы бағдарламаларын іске қосу мәселесін бірінші рет қарастыруда. Ал Қазақстанның ядролық технология бойынша тарихы бай, дайын кадрлары жеткілікті. Жыл сайын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жүздеген энергетик мамандарды, ядролық физика саласында ғалымдарды дайындайды. Біздің ядролық физика институты тәжірибе алаңына айналды.
АЭС-тің жұмысына қажетті уран қоры да мол. Уран отынын сақтайтын арнайы базалар жұмыс істейді. Қысқасы, АЭС-ке қажетті барлық мүмкіндік бізде бар.

– Ядролық физика институтының жұмысы туралы тоқтала кетсеңіз.

– Институттың құрылғанына 57 жыл болды. Оның құрамына 22 ғылыми-зерттеу зертханасы, заманауи талдамалық және эксперименттік жабдықтары бар 3 ғылыми-техникалық орталық кіреді. Сондай-ақ 2 оқу орталығы жұмыс істейді. ВВР-К зерттеу реакторы мен 9 ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғысы бар. 

Біздің зерттеу реакторы электр өндеретін реактордың жұмыс істеу принципі 99 пайызы бірдей. Сонда ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір Жапонияның ғалымдарымен бірге 4 буынды реакторларды іске қосу мүмкіндіктерін зерттеп жатырмыз. 

 

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ