Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Дикий Арманның» адамы ұлыма юбка кигізіп, ақша бопсалайды – Райхан Аязбаева

Алматы тұрғыны Райхан Аязбаева қылмыстық топтың мүшесі «Чина Албан» атты лақап аты бар Шыңғыс Мұқашев ұлын қинап, ар-намысына тиетін видео түсіріп, ақша бопсалап келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Дикий Арманның» адамы ұлыма юбка кигізіп, ақша бопсалайды – Райхан Аязбаева

Айтуынша, Шыңғыс Мұқашев «Дикий Арман» лақап есімімен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшесі. Ұлының көрген қорлығына жүрегі шыдамаған ана көзінің жасын көлдетіп отырып президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады және ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен көмек сұрады.

 «Мен халықаралық іздеудегі қылмыс әлемінің серкесі, Түркия елінде бас сауғалап жүрген Шыңғыс Мұқашевтан, яғни, «Чина Албаннан» ұлымды арашалап беруіңізді сұраймын. Менің ұлым Бақытжан Мұхамеджаннан «Чина Албан» екі жылдан бері ақша бопсалап келе жатыр. Жақында ұлымды Чинаның тобындағы төрт адам кездесуге алдап шақырып, тауға апарып, ұрып-соғып, намысына тиетін түрлі видеолар түсіріп, юбка кигізіп видеоға түсірген. Сол видеоларды әлеуметтік желіге жүктеймін деп ақша бопсалады. Балам абыройы төгілгенінен қорқып, Чинаға апта сайын 200 мыңнан миллион теңгеге дейін ақша тауып беріп отырды. Ақыр соңында үйімізді сатып, далада қалдық», - дейді Райхан Аязбаева.

Ұлының жанына сауға сұраған ананың айтуынша, Түркиядан бұйрық беріп отырған Шыңғыс Мұқашев Бақытжан Мұхамеджанның атынан желіде парақша ашып, Тик-Токқа өзі түсірген видеоларды жүктеген.

«Чина Албан» Түркияда отырып қорқытуын тоқтатпады. Ақша жоқ дегеннен кейін, баламның атынан желіде парақша ашып, Тик-Токқа салды. Біз Алматы облыстық ішкі істер департаментінің полиция майоры Мақсат Ихсановтың көмегіне жүгіндік. Мақсат мырза тауға апарып қинаған қылмыскерлер тобын ұстауға септігін тигізді», - дейді ол.

Райхан Аязбаеваның сөзінше, қазір «Дикий Арманның» адамы полиция майоры Мақсат Ихсановқа да қысым көрсетуді бастаған, тіпті жұмысынан айырған.

«Видеолар әлеуметтік желіге салынғаннан кейін ұлым Мақсат мырзаға барып, көмектесуін сұраған. Ихсанов Мақсат Чина Албанға қоңырау шалып, видеоларды желіден алып тастауын талап етеді. Оны Шыңғыс Мұқашев камераға жазып алып, «қылмыскердің сөзін сөйледі» деп полиция майорының өзіне кінә артқан. Осылайша желіге таратып жіберген. Сонымен қатар ұлыма «төрт қылмыскерді түрмеден шығарасың» деп қысым көрсетіп жатыр. Бүгінде екіжүзді «Чина Албанның» әрекеті үшін полиция майоры Мақсат Ихсанов жұмысынан айырылды. Біз шарасыз күйге түстік», - деді Райхан

Аязбаева көз жасына ерік беріп, шарасыз халін жеткізді.

 Еске салайық, өткен айда, яғни, 7 тамызда ғана ішкі істер министрлігі «Дикий Арманның» қылмыстық тобының 15 мүшесі қолға түсті деп сүйіншілеген еді. Арман Жұмагелдиевтің өзі 2022 жылдың 22 сәуірінде ұсталған.