Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Кейбір бастықтар кәсіби кадрлардың қатарын сиретіп отыр" - журналист

Сондай-ақ ол біз жұмыс уақыты кешкі 6-да бітетін жүйе құра алмай отырған сорлы мемлекетпіз деген пікірін білдірді.

Төлеген Байғұловтың қазасынан кейін келген ой... Біздің елде шенеунік атаулыға антипатия басым. Бірақ олардың арасында...

Опубликовано Халимой Тәжіқұл Среда, 3 марта 2021 г.
"Кейбір бастықтар кәсіби кадрлардың қатарын сиретіп отыр" - журналист
фото: ашық дереккөз

Біздің елде шенеунік атаулыға антипатия басым. Бұл пікірді журналист Халима Тәжіқұл айтты, деп жазды paryz.kz.

"Бірақ олардың арасында мемлекеттік жүйені өзгерткісі келетін санаулы адамдар бар. Олар тірісінде де, бақилық болғанда да қадірлі. Талғар ауданының әкімі қызметінде жүргенде көз жұмған Жолан Омаровты ел қалай жоқтады? Күңіреніп кеттік. Ал бүгін фб жұрты коррупцияға қарсы күрес саласында еңбек еткен Төлеген Байғұловты жоқтап жатыр. Себебі ол өз жұмысын жанын салып атқарды. Халық соқыр емес, кімнің кім екенін сезеді, біледі. Өкініштісі, осындай қызметкерлердің денсаулығына салғырт қарайтыны. Салғырт қарайын демейді, мәжбүр. Өйткені, жұмыс жүктемесі ауыр, қай салада да. Халтурщиктер мен бастықтың туыс-туғандарына бәрібір, бастықтың бабын тауып, басқаға басын қатырмайды. Пұл болмаса, күл болсын деп жүре береді. Ал халтураға жол бергісі келмейтіндер, саланы сәл де болса алға сүйрегісі келетіндер күні-түні көз ілмейді. Отбасы түгілі өзінің атын ұмытып қалардай жұмыс істейді, жауапкершілікті сезеді, сөйтіп иммунитетін әлсіретіп алады. Ал ондай кезде коронавирус түгілі жай тұмаудың өзі алып ұрады", - дейді журналист.

Сондай-ақ ол біз жұмыс уақыты кешкі 6-да бітетін жүйе құра алмай отырған сорлы мемлекетпіз деген пікірін білдірді.

"Бейкәсібилер басқаратын мекемелерде түннің бір уағына дейін жұмыс істеп, қалжырап жүргендер өте көп. Тіпті демалыс күні мазалағыш бастықтар бар. Солар кәсіби кадрлардың қатарын сиретіп отырғанын біле ме екен?

Жұмысты уақытында аяқтауға ықпал ете алмаған басшыларды жұмыстан босатса ғой. Сонда кадрлар үйіне уақытында қайтып, отбасының ортасында отырар еді, спортпен айналысып, денсаулығын түзер еді. Мәдени-рухани дүниелерді қарап демалатын еді. Ал біз ел кітап оқымайды, театрға бармайды, футболдың жанкүйері аз деп жазғырамыз. Олар кітап оқып, театрға баруы үшін әуелі жұмыстан кешкі 6-да босауы керек. Ал бізде мемқызметтегі жұмыс сол кешке басталады. Өйткені оған дейін бітпейтін жиындардан босамайды. Қашықтан жұмыс істеу басталып еді, зум-жиын деген шықты. Күлтөбенің басында күнде жиын. Сол жиыннан мүйіз шығар болса, баяғыда АҚШ-ты артқа тастар едік, әзірге бәрі кері кетіп жатыр. Нағыз еңбекқорлар ерте бақилық болып жатыр.

Пы.Сы: Іссапармен Фин елінде 15 күн жүрдім, кешкі 5-тен соң жұмыс тоқтайды, тіпті ірі сауда үйлері де сол кезде жабылады. Шай ішуге сүт сатып алатын дүкен таппай сандалғанымыз бар. Ал демалыс күндері ел жаппай демалуға аттанады. Ешбір бастық іздемейді екен. Неге десең, бұл менің демалыс күнім, оның мазалауға құқы жоқ дейді. Ал бізде басшылар өзін қызметкерінің күйеуі, ал қызметкерін басыбайлы құлы сезінеді. Өте өкінішті", - дейді Халима Тәжіқұл.