Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Диқан мен бағбанның көңілі тоқ

Ақ Жайық өңірінде биыл егістік алқабының көлемі 615,5 мың гектарды құрады. Оның 312 мыңы жаздық, 102 мыңы майлы және 200 мыңға жуығы мал азықтық дақылдар. Қазіргі таңда өңірімізде егін ору науқаны қарқынды жүруде. Жазғы дәнді дақылдардың 200 мың гектары, яғни 71 пайызы орылды. Орташа өнімділік гектарына 8,5 центнерден келіп тұр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Диқан мен бағбанның көңілі тоқ
Фото: Қуаныш ҚАЛИ

Егістік науқанына орай үкімет тарапынан «Кең дала» бағдарламасы аясында жанар-жағар май, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер, т.б. қажетті нәрселерді  алуға 5 пайыздық мөлшерлемемен несие берілгені белгілі. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысына 13,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда бұл соманың 5 млрд теңгесі игерілді. Сонымен қатар мемлекеттен егін науқанына облыс үшін 8,4 мың тонна жанар-жағармай да бөлінді. Қазір соның 6,1 мың тоннасы игерілді. Диқандар қазір күздік дақылдарды егу жұмыстарын да жүргізуде. Биыл 96 мың гектарға күздік егілу керек болса, қазір соның 25 мыңы егілді. Жалпы егін жинау жауын-шашынға байланысты ұзап кетіп жатыр. Егер күн райы жақсы болса, он шақты күннің ішінде аяқталады деп күтілуде. 

Осынау егін орағының жай-күйін білу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов таяуда Бәйтерек ауданында болып кетті. Ақ Жайық өңірінің алтын қамбасы саналатын бұл ауданда 169867 мың гектарға дәнді дақылдар егілсе, қазір соның 80 пайыздайы жиналды. Гектарына 8,6 центнер өнімділікпен 104930 тонна өнім алынды. 

Махамбет ауылдық округынде болған кезде облыс әкінің орынбасары «Серік-Агро» ЖШС-ның егіс алқабына барды. Серіктестік директоры Алмас Аманғалиевтың айтуынша, олар күздік, жаздық бидай, тары, ноқат (нут), мақсары (сафлор) еккен. Биыл бидайдың шығымы төмендеу, есесіне сафлор, ноқаттар жақсы өнімділік көрсетуде. Әсіресе тарыдан алынар өнім мол болады деп болжанып отыр.

«Алтын болашақ» шаруа қожалығының 3,5 мың гектардай егіс алқабына күзгі, жазғы бидай, арпа, майлы дақылдар егілген. Орта есеппен гектарына күздік 20, ал жаздық 25 центнерден берді. Қазір мақсары 16-18 центнерден жиналуда. 

Өңір басшысының орынбасары осы сапары барысында картоп, бақша өнімдерінің де егістіктерінде болды. Бәйтерек – облыс тұрғындарын осынау өнімдерімен қамтып отырған ірі аудан. Биыл бәйтеректіктер 1127 гектар жерге картоп ексе, соның дені Макаров ауылдық округінде. Мұндағы іргелі шаруашылықтың бірі - «Август» қожалығы. Бұл шаруашылық негізінен картоп егумен айналысады. Қожалық жетекшісі Александр Мясниковтың сөзіне қарағанда, биыл 140 гектар жерге отырғызылған аталмыш дақыл гектарынан 250 центнерден өнім беруде. Қазір оның үштен бірі жиналды. Өнім негізінен облыс орталығына жолданады.

Қалғаны көршілес өңірдер мен оңтүстіктегі облыстарға бағытталуда. Қожалықтың меншігінде 4 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін сақтауға мүмкіндік беретін қойма бар.

-Қазіргі таңда Оралда өтіп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері жәрменкесінде картоп 140-160 теңге аралығында сатылуда. Ал бәйтеректік бағбандарда бақша дақылдарының бағасы төмендеу екенін көрдік. Мәселен, Макаров, Мичурин ауылдық округтарында картоптың көтерме бағасының келісі 115-120 теңге аралығында. Сол себепті осынау дақылдарды делдалсыз облыс орталығындағы нарыққа шығарып, бағаны төмендетуге ықпал ету керек. Яғни осынау шаруалардан картопты алып, Оралдағы базарларға, жәрменкеге шығарып келісін 130 теңгеден сатуды ұйымдастыру қажет. Оны тек бір рет емес, жүйелі түрде ұйымдастырған жөн. Тек картоп емес, пияз және өзге көкөніс өнімдерінің бағасын мүмкіндігінше төмендету жағын қарастырған дұрыс,-деді Қалияр Шадиярұлы.

Сапарының қорытыныдысы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімінің орынбасары бәйтеректік диқандар мен бағбандардың жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді. Олардың биыл да батысқазақстандықтарды дәнді дақылдармен, әсіресе бау-бақша өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.

 

Қуаныш ҚАЛИ