Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Субсидия алу үшін ғой": Алматы облысында шошқа өсіретін кешен салынады

Алмасбек Садырбаев шошқа шаруашылығына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуге қарсылығын білдіріп, петицияға қол жинай бастаған. Бір айға толар-толмас уақыттың ішінде 17 мыңнан астам азамат оның бастамасын қолдаған.

"Субсидия алу үшін ғой": Алматы облысында шошқа өсіретін кешен салынады
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында 50 мың бас шошқа өсіретін кешен салынғалы жатыр. Облыс әкімі Амандық Баталовпен кездескен швейцария-украиналық бірлескен компания өкілдері 50 мың торай өсіруге ниетті екенін мәлімдеген. Ал 17 жылдан бері асыл тұқымды қой өсіріп келе жатқан сарапшы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, шошқаға субсидия көп болғандықтан, енді шошқа өсіретіндер көбейеді. Сондықтан ол Үкіметке дереу субсидияны тоқтату керек деп петиция жинауға кіріскен, деп хабарлады paryz.kz, 31 арнаға сілтеме жасап.

Алматы облысында 50 мың шошқа өсіретін кешеннің салынатыны, оған 20 миллион еуро инвестиция тарту жоспары бар екенін және инвесторларды Амандық Баталовтың өзі қабылдағаны жөніндегі ақпаратты облыс әкімінің баспасөз қызметі ресми сайттарында жариялады. Ал бұл жаңалықты оқыған Алмасбек Садырбаев күйініп кеткенін айтады. Себебі, 17 жылдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысып келе жатқан азамат инвесторлардың түпкі мақсаты субсидия алу деп санайды.

"Бір шошқаның қабанына 40 мың теңге төлейді, әрбір аналыққа. Ол шошқаның жүктемесі, қабанның жүктемесі - 200 аналық бас. 40 мың теңгені 200 басқа көбейтсеңіз, 16 млн теңге. Жылына ол екі рет ұрықтандыру жұмысын жасайды. Сонымен 16 млн теңге шығып отыр. Қазақтың бірде-бір малында мұндай қолдау жоқ", - деді Қазақстан Ұлттық Мал өсіру шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Ол шошқа шаруашылығына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуге қарсылығын білдіріп, петицияға қол жинай бастаған. Бір айға толар-толмас уақыттың ішінде 17 мыңнан астам азамат оның бастамасын қолдаған. Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар Алмасбек Садырбаевтың субсидия туралы сөзін жоққа шығармады. Расымен шошқаның әр басына ақша көп бөлінеді екен.

"Ірі қараны түсіндірдім, асылдандыру жұмысына 10 мың теңгеден төленеді. Ал шошқаның ұрықтандырылуына асылдандыруға 40 мың теңгеден субсидияланады. Қой шаруашылығына келетін болсақ, 2,5 мың теңгеден төленеді. Мысалы былтырғы жылы қой шарушалығына 2,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 3,5 миллиардтай бөлініп жатыр субсидия. Шошқа шаруашылығына да былтыр 300 миллион, биыл 120-ақ миллион бөлінді", - деді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Димаш Сыдықов.

Облыс әкімдігіндегілердің сөзінше, жаңа жобаның көмегімен жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке салық түседі, өңірдің экспорттық әлеуеті артады. Тіпті, кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымдарды тартып беруге дайын.