Облыстық сот мәліметінше, 2022 жылдың қазан айынан бастап 2023 жылдың маусым айына дейінгі аралықта Денисовский ауданы Перелески ауылы мен Крымское ауылында полиция капитаны өзінің ауылдастарын алдау және сеніміне қиянат жасау жолымен түрлі жалған сылтаулар айтып, екінші деңгейлі банктерден несие алуға көндірген.
Осылайша айыпталушы ұрланған қаражатты букмекерлік кеңседегі және бес лотерея клубындағы ойындарға тіккен. Сондай-ақ басқа азаматтарға берешегін өтеген. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 31 миллион теңгеден астам.
Сотта сотталушы өз кінәсін мойындады. Ол істеген ісіне өкінетінін айтты.
“Іс бойынша жәбірленушілердің көпшілігі соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және үш кішкентай баласының болуын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде антын бұзған адамның құқық бұзушылық жасауы ескерілді”, – делінген сот хабарламасында.
Соттың үкімімен учаскелік полиция қызметкері үш жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу жазасына кесілді.
Сотталушы "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.