Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ғұлама ғалым, академиктің мерейтойы туған жері Баянауыл ауданында кең ауқымда атап өтілуде, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мәжіліс спикері салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерекеге толы екенін атап өтті.
– Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Əлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Ал, бүгінгі Сәтбаев тойы – елдіктің тойы, бірліктің тойы. Ілім мен ғылымның мерекесі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Мерейтой аясында Баянауыл ауданы Мойылды шатқалында Қ.И.Сәтбаев этноауылы бой көтеріп, республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлері – көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті. Өңірде «Академик Қ.И.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, естелік кітаптың тұсаукесері болды.