Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Енді АӘК алатындар демалыстары мен тұрмыстық несиелерін жасыра алмайды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Paryz.kz, Inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Енді АӘК алатындар демалыстары мен тұрмыстық несиелерін жасыра алмайды

Мемлекет басшысы азаматтардың шығыстарын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау міндетін қойды. Осыған байланысты Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен интеграцияларды пайдалана отырып, әлеуметтік көмек көрсетуді трансформациялау күтілуде. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, қазір мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп АӘК алуға үміткер қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігі пысықталып жатыр. Оған азаматтардың жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеу тағы сол сияқты шығын түрлерін кіргізу жоспарлануда. 

«Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алу үшін SMS-хабарлама жіберуді көздейді. Бірақ, банктік құпияны ашу және үшінші тұлғаларға ақпаратқа қол жеткізуге қатысты емес. Тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізіледі», – деді департамент басшысы Айнұр Әбдірахманова.

Сондай-ақ, министрліктен АӘК тағайындаудың жаңаша тетігі көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды. 

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 70,2 мың отбасындағы 372 мыңға жуық азаматқа атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл аталған мақсатқа бюджеттен 60,5 млрд теңге қарастырылған.