Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Мүгедек балалардың аналары Нұр-Сұлтан әкімдігінде қонып шықты

"Бізге берілетін заттар, памперс, ортопедиялық аяқ киімдер сапалы болса дейміз", - деді Әсел Ахметова.

Мүгедек балалардың аналары Нұр-Сұлтан әкімдігінде қонып шықты
фото: дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кездесуді талап еткен бір топ ана Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде қонып шықты. Мүгедек балалардың құқықтары бұзылып жатқанын және мемлекет тарапынан көмектің барған сайын азайып бара жатқанын алға тартқан әйелдер "министр келмейінше әкімдіктен шықпайтынын" айтып отыр, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Жиналғандардың бірі Әсел Ахметова соңғы кезде ана мен бала емес, шенеуніктің мүддесіне сәйкес түзетулер қабылданып жатқанын айтып, қарсылық білдірді.

"Жылдан жылға мүгедектігі бар балаларға көрсететін қызмет сапасы нашарлап барады. Санаторий-курортта 14 күндік емдеуді 7 күнге қысқартып тастады. Енді алып жүруші адам санаторийде болғаны үшін ақша төлеуі тиіс. Баспана мәселесі де көп. Бұрын мүгедектігі бар балалар баспана кезегінде соғыс ардагерлерімен бірге тұратын. Оларға бірінші кезекте өтеусіз баспана берілетін. Енді түзетулер енгізіп, мүгедек балаларды жалпы тізімге енгізіп тастаған. Оларды қорғауы тиіс заң талаптары орындалмайды", - деді Әсел Кәрібаева.

Төрт баланың анасы Әсемгүл Ахметова мүгедек бала баққаны үшін ата-анаға берілетін ақшаны электронды түрге айналдырмақ екенін айтып, оның ата-аналар үшін өте ыңғайсыз екеніне шағымданды.

"Бұған қоса, бізде көк кітапша бар, онда бізді ата-ана емес, бағушы ретінде көрсеткен. Бізге берілетін заттар, памперс, ортопедиялық аяқ киімдер сапалы болса дейміз", - деді ол.

Жиналғандар бұдан да өзге мәселелерді көтерді. 1 наурызда аналарға әкімдік пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі шыққан. Бірақ аналар министрдің өзінің келуін талап еткен.