Прямая трансляция

Астана

Астана

2°C

«Ата-анасы жүктілігі туралы білмеген»: 12 жастағы оқушы туралы тың ақпарат шықты

Павлодар облысы Шарбақты ауданы Галкин ауылдық округінде босанған 12 жастағы оқушының ата-анасы еш нәрсені сезбеген. Бұл турлы Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенова әлеуметтік парақшасында жазды.

«Ата-анасы жүктілігі туралы білмеген»: 12 жастағы оқушы туралы тың ақпарат шықты
фото: әлеуметтік желіден

Сәуле Шәкенова Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның тапсырмасымен оқушының отбасына барған.

"Анасының айтуынша, бұл отбасы 2019 жылы Қазақстанға Моңғолиядан екі баласымен көшіп келген. Қазақстанда тағы 3 бала дүниеге келген. Қыздың анасы не оқи, не жаза алмайды. Құжаттарға қол қою үшін атын ғана жазып үйренген. Ал отағасының 6 сыныптық қана білімі бар, ешқандай мамандығы жоқ", - дейді Сәуле Шәкенова.

Ауылдық әкімдік қыздың әкесін мектепке от жағушы етіп орналастырған.

"Олар қызының жүктілігі туралы 3 сәуірде мектеп мұғалімдерінен білген. Сол күні заңды өкілдердің рұқсатымен жүктіліктің фактісін растайтын ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді. Қыз дереу дәрігерлердің бақылауында болып, аудандық ауруханаға жатқызылған. Онда ол 19 шілдеге дейін болды", - дейді Сәуле Шәкенова.

Оқушы жыл соңына дейін онлайн оқыған. Ауруханада болған 3 жарым ай ішінде болашақ анаға матиериалдық көмек көрсетілген.

"Мектеп оқушысы аман-есен босанған, салмағы 3 360 г дені сау қыз дүниеге келді. Облыстық перинаталдық орталықтан шығарылғаннан кейін жас ананың сәбиімен қай жерге орналасатыны жуық арада шешіледі. Қыздың әкесі де, анасы да жыныстық зорлық-зомбылық фактісі туралы білмеген", - дейді Шәкенова.

Қазіргі уақытта олар күдіктінің отбасымен туыстық қарым-қатынасты тоқтатқан. Еске сала кетейік, Павлодар облысында 20 шілдеде 12 жастағы оқушы босанды. Бұл оқиғадан соң аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді.