Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Түгел діннің жолы бір

Әлем елдерінде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке мен бірліктің арқасында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан елдердің саны аз екендігі баршаға мәлім. Соның ішінде, 100-ден астам ұлыс пен 18 конфессия өкілдері тұратын қазақ елі бейбіт тыныштықта өмір сүріп келеді. Осы қырынан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі және өнеге болатындығы анық. Қазіргі таңда, елімізде түрлі сенім өкілдері өмір сүреді. Бұл этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Түгел діннің жолы бір
Фото: Depositphotos.com

Ислам, христиандық, иудей және басқа да елімізде ресми тіркелген діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие болғандығын паш етеді. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороостризм, манихейлік, буддизм, христиандық және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргенін, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болғандығын көрсетеді. 

Елімізде тәуелсіздік жылдары барысында діни институттардың сан жағынан да, сапа жағынан да мәнді өсуі байқалды. Діни бірлестіктер саны ұлғайып, рухани дәстүрлер қайта өрлей бастады. Сондай-ақ жаңа ғибадатханалар салынуда – мешіттер, шіркеулер, синагогалар бой көтерді. Халықтың діндарлығының деңгейі өсті. Бұл үдерістер еліміздегі азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайту, ар-ождан бостандығын, рухани жаңаруын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде орын алды. 

Қазақстан тек ел ішіндегі татулық пен рухани жандануды қалыптастырумен ғана шектеліп қоймай, әрқашан да күллі әлемдік қауымдастықты ғаламдық деңгейдегі сындарлы үн қатысуға шақырып келеді. Осындай саясатқа ұласып отырған әлемдік маңызға ие бастама – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу идеясы. Бұл Форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі конфессиялары мен мәдениеттері өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын оларға өз ауыздарымен айтқызды. 

Осы орайда, дана халқымыздың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөзі еріксіз еске оралады. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін барша қазақстандықтар үшін ортақ міндет – өзара ынтымақ пен бірлікті сақтау мейлінше өзекті болып отыр. Басқа мемлекеттерге көз салып қарасақ, түрлі арандатушылық мен діни қақтығыстардың болып жатқандығын аңғаруға болады. Бұл мәселенің негізі ынтымақ пен бірліктің сақталмауынан болып отыр. Сол себепті этносаралық және конфессияаралық келісімде ынтымақ пен бірлікті сақтау әрбір қазақстан азаматы үшін міндет болып табылады. 

Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. 

Қорыта айтқанда, қазақ елі – әртүрлі дін өкілі мен әралуан мәдениеттің тоғысқан аймағы. Әлемдік аренаға Қазақстан конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтқан тәжірбиелі ел ретінде танылды. Бұның өзі үлкен еңбектің арқасы екендігі анық. Осындай бейбіт елде тыныштықпен өмір сүріп жатқан қаншама ұлт-өкілдерінің ризашылығын көруге болады.