Алматыдағы № 133 мектеп-гимназияның оқушыларынан құралған «Жас өркен» би ансамблі «Славян базары» байқауының аясында ұйымдастырылған халықаралық Dream Dance Fest би жарысында жүлделі 1 орынды қанжығаға байлады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Дода Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында өткен. Әлемнің түкпір-түкпірінен 20 топ қатысқан бишілер бәйгесінде жеңіс төрінен көрінген өнерпаздар – Алматыдағы № 133 мектеп-гимназияның оқушылары.
Бір айға созылған дайындық, тынымсыз еңбек пен талмас талап «Жас өркендіктерді» жеңіске жетеледі.
Халықаралық би байқауында 1 орынды иеленген би ансамблі ел мерейін үстем етті. 18 адамнан құралған топтың әр мүшесі тарихи оқиғаны қуанышпен еске алады.
– Шетелге бірінші рет шықтық. «Славян базары» байқауы ерекше әсер етті. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі қуаныш. Осындай жеңіске жету үшін қаншама уақытымыз бен еңбегіміз кетті. Осындай өнерімізді байқап, баулыған ата-анамаызға, бізге сеніп, үнемі жаттықтырудан жалықпайтын жетекшімізге зор алғысымызды білдіреміз. Ұжымждық жұмыс та оғай емес, бір ұжым болып, киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген бишілерге де көп-көп рақмет. Біз әлі де жарқырай түсерімізге сенеміз, – деді «Жас өркен» би ансамблінің мүшесі Жұлдызай Ақанова.
Ал топтың кейбір мүшелері байқауға қатысқан басқа да өнерпаздардың осал емесін айтып, барлық топтың артында үлкен еңбек жатқанын тілге тиек етті.
– Байқауда бишілер көп болды. Олардың деңгейі өте жақсы. Биі, оның сюжеті, сценарийіне қарап, еңбектенгені көрініп тұр. Конкурс үлкен жетістік әкелді деген ойдамын. Біз енді мектебіміздің ғана емес, қаламыздың ғана емес, бүкіл республикамыздың мақтанышына айналғанымызға қуаныштымын. Осымен тоқтап қалмаймыз, әлі де еңбектене береміз. Әлі талай байқауларда бақ сынап, ттоп жаратынымызға кәміл сенімдімін. Ең бастысы бірлігіміз ажырамаса болды, – деді «Жас өркен» би ансамблінің мүшесі Камила Аманжол.
Жас бишілер болашақта да әлемдік сахнада өнер көрсетуді армандайды. Ал ол үшін ата-ананың қолдауы қашанда маңызды. Топ мүшесі Маржанның анасы Меруерт Әбдірәсілқызы баласын бірінші сыныптан бастап би үйірмесіне беріп, өнерге баулыған. Содан бері 8 жылға жуық уақыт өтіпті.
– «Биге қабілеті бар ма, жоқ па?» деген қызым керемет биші болып шықты. Ең керемет би сайысында топ жарды. Ата-аналар әуежайға барып, балаларды қарсы алдық. Бұл – үлкен қуаныш, бақыт! Ең бастысы әрбір ата-ана баласының қабілетін, өнерін байқаса оны тұншықтармай, керісінше баптап баулыса осылай жемісін көреді екен. Өнер жолы оңай емес әрине, бірақ баланың бетінен қағуға болмайды. Біз барлық ата-аналарды балалардың қабілетін байқауға және оларды шыңдауға шақырамыз. Ал осы орайда кішкентайлардың әр мінезін көтеріп, талантын басқа қырынан аша білген хореографқа алғысымыз шексіз. Жарқырап, жайнай берсін бәрі, – деді М.Қарнақбайдың анасы Меруерт Тұрымбетова.
Шет елде төл өнерімізді насихаттап, ұлттық құндылықты дәріптей білген топ байқауда «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің «Көктем сазы» атты әуеніне аққу биін сахналаған. «Жас өркен» би тобының хореографы Толғанай Ұлықбекқызы «қойылым ойдағыдай болды. Көпшіліктің көңілінен шықтық» дейді.
– Бидің сюжеті судың жағасында суға шомылып жүрген аққулардың аң аулауға шыққан әке мен балаға қарсы әрекетіне негізделген. Ірі байқауда бірінші орын алып, елге оралдық, бұл – мәртебе!Менің де хореограф ретінде еңбеңім ақталып жатыр деп ойлаймын. Кішкентай жұлдыздарым әлі талай жарқырайтынына бек сенемін, – деді хореограф Толғанай Тазабек.
2007 жылы құрылған би ансамблінің құрамында 150 биші бар. Бұған дейін өнерпаздар Түркия, Өзбекстан, Грузия мемлекеттерінде өткен байқауларда да топ жарып үлгерген. Жоспарға сай, шетелден мол тәжірибе мен білім жинап қайтқан ұжым тамыздан бастап дайындыққа қайта кіріспек.
Еске салайық, «Славян базары» фестивалі жылдар бойы шығармашылыққа құштар жастардың басын біріктіріп келеді. Бұл жолғы ән байқауында еліміздің атынан өнер көрсеткен әнші Ерназар Жұбан жоғары ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды.