Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтті

Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтті

Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтті
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Абай алаңында «Аңыз домбыра» атауымен Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мегаполис тұрғындары мен қала қонақтары үшін сахнада халық музыкалық аспабына арналған әндер, сондай-ақ танымал домбырашылардың орындауындағы әйгілі күйлер шырқалды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Тыңдарман қауым «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Асылбек Енсеповтың орындауындағы әйгілі композицияларды, «Қоңыр» тобы мен Ардақ Балажанованың, Нұржан Жанпейісов және тағы басқа өнер майталмандарының орындауындағы халық әндерін тыңдады.

Халық музыкасының тыңдармандары Секен Тұрысбековтің авторлық орындауындағы әндерін, сондай-ақ Ерболат Мұстафаев пен Нұркен Әшіров квартетінің оқушыларымен бірге көрсеткен өнерін тыңдады. Кенен Әзірбаевтың аңызға айналған «Бастау» күйін Шолпан Даржанова орындаса, Жиенбай жыраудың аттас туындысын Ұлжан Байбосынова, ал «Сүгірдің термесі» композициясын Айгүл Елшібаева орындады. «Салтанат» би ансамблінің қайталанбас өнері музыкалық кештің көркін қыздыра түсті.

Мерекелік кеште Айгүл Қосанова мен Мөлдір Әуелбекова да өнер көрсетті. «Маралдым», «Алматым жүрегімде», «Толғау», «Түркінің тамшы жаңғырығы» сияқты композициялар кешке жиналған тыңдарман қауымның жүрегін баурап алды. Кешті қазақ өнерінің майталманы Роза Рымбаева «Домбыра туралы баллада» әнімен тәмамдады.

Айта кетейік, бұған дейін де қалада мерекелік шаралар ұйымдастырылған болатын. Осыған орай Алматыда 7 шілде күні Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында «Аңыз Домбыра» концерті өтіп, онда Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанова, Асылбек Еңсепов, Шолпан Даржанова, Әбділхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, «Қоңыр» тобы, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Салтанат» би ансамблі және т.б. өнер көрсетеді.

Танымал күйшілер Кенен Әзірбаев, Төлеген Момбеков, Әсет Бейсеуов, Мейрамбек Жанболатов және т.б. халық әндері мен шығармаларын орындайды.

Бұған қоса, шаһар тұрғындары мен қонақтары мерекеге орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды тамашалай алды.

Сондай-ақ, қаланың барлық ауданында Ұлттық домбыра күніне арналған бірқатар мәдени іс-шара өтті:

- Алатау ауданында 4 шілде күні Alatau Creative Hub – Алматы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен іс-шара өтті. Мерекелік бағдарламада шығармашылық ұжымдар сөз сөйлеп, шараның басты мақсаты-этносаралық қатынастарды нығайту және қазақ мәдениетін насихаттау екенін көрсетті. Сонымен қатар, 5 шілдеде Мультимедиялық дәстүрлі музыканың орталығында «Қазағымның жүрегінен жаралған, Бабамыздың үнісің сен – домбыра!» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

- Әуезов ауданында 5 шілдеде «Family» саябағында концерт өтіп, эстрада артистері Құрманғазы, Дәулеткерей және Тәттімбет шығармаларын орындайды. Сонымен қатар, «Сарыарқа» скверінде сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін қолөнер жәрмеңкесі өтті;

- Бостандық ауданында 5 шілде күні «Mega Alma-Ata» СОО аумағында Ұлттық домбыра күнін тойлау құрметіне «Күмбірле қоңыр домбыра» мерекелік бағдарламасы өтті;

- Медеу ауданында 4 шілде күні Нұрғиса Тілендиев мемориалдық музейіне келушілер дәстүрлі жанр артистерінің қатысуымен «Сиқырлы үні» концертін көре алса, сондай-ақ Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Dombyra fest флешмобы өтті.

- Наурызбай ауданында 5 шілде күні Шұғыла, 347/4 мекенжайындағы Инновациялық шығармашылық орталығында мерекеге орай концерттік бағдарлама болды.

-Түрксіб ауданында 5 шілде күні Сауранбаев көшесіндегі Арбатта домбыра күніне арналған «Алтын домбыра» домбырашылардың флэшмобы өтті.