Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Павлодарда ер адам оқушы қызды қуып жүріп тепкіледі (ВИДЕО)

"Ол қызыма 2 мың теңге беріп кешірім сұрамақ болыпты. Ер адам өзі қызымды басқа қызбен шатастырғанын айтты..." 

Павлодарда ер адам оқушы қызды қуып жүріп тепкіледі (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Павлодарда ер адам 13 жастағы оқушы қызға шабуыл жасады. Ол баланы жерге құлатып, екі рет тепкен. Оқиға қаланың орталық көшелерінің бірінде куәгерлердің көзінше болған, деп хабарлады paryz.kz, tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.  

Ер адамның балаға шабуыл жасаған сәті жақын жердегі дүкендердің бірінде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиғаны көрген адамдар дереу полиция шақырған.

"Факті тіркелді. Оқиғаға қатысқанның бәрі №10 жергілікті полиция бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың ата-анасы да шақырылды. Ер адам мен 13 жасар қыздың арасында жанжал болғаны анықталды. Нәтижесінде ер адам оған қол көтерген", - деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығатынын хабарлады. Ал оқушының ата-анасы өтініш жазып, кінәліні жауапқа тартуды талап етті.

"Қызымның туған күні болатын. Ол құрбысымен бірге дүкенге азық-түлік сатып алуға кеткен. Дүкенде алған затының ақшасын төлеу үшін кезекке тұрған. Олардың артынан ер адам келеді. Қыздар өзара сөйлесіп тұрғанда ер адам әңгімелеріне араласып, дөрекі қылық танытқан. Қыз қорыққанынан көшеге жүгіріп шығыпты", - деді жарақат алған мектеп оқушысының анасы Валентина Горобец.

Әйелдің айтуынша, соққыдан қыздың аяғы мен қабырғасы көгеріп, ісіп кеткен. 

"Полиция бөлімінде ол әйелімен болды. Ол қызыма 2 мың теңге беріп кешірім сұрамақ болыпты. Ер адам өзі қызымды басқа қызбен шатастырғанын айтты. Баламызды көшеде ұрып-соғуы мүмкін екені өте қорқынышты. Біз бұл адамды жазалауды талап етеміз", - деді зардап шеккен оқушы қыздың анасы.

Сондай-ақ, әйел бейтаныс адамның қызына қалай шабуыл жасағанын көре тұра тоқтатуға тырыспаған адамдардың бейжайлығына ашуланды.

"Бәріміздің жұмысымыз бар, қашан да бір жерге асығып жүреміз. Бірақ көшеде кішкентай қызды ұрып жатқанын көре тұра, оған араша түспеу дұрыс емес", - деді қыздың анасы.