Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Сағадат Нұрмағамбетовке 100 жыл: Батырды ұлықтау бізге парыз

Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Сағадат Нұрмағамбетовке 100 жыл: Батырды ұлықтау бізге парыз
Фото: qazaq1913.com

Батыр атамыздың атында жұмыс істейтін арнайы қор бар. Ал қор немен айналысады? Осы уақытқа дейін нендей жұмыстар атқарылды? Осы және басқа да сауалдарды біз Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының атқарушы директоры Қали Қамбаровқа қойған едік.

Қали Қамбаровтың айтуынша, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор 13 жылдың ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қордың есебінен осы уақытқа дейін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

«Ал қор құрудағы мақсат – батыр атамыздың ерлік істерімен өскелең ұрпақты құлағдар ету, жастардың бойында елжандылық, отаншылдық рухты ояту, сонымен қатар тәлім-тәрбие аларлық игі іс-шаралар арқылы ұлттық идеологияның ұтымды жұмыс істеуіне өз тарапымыздан лайықты үлес қосу. Жалпы, Сағадат Қожахметұлы – аңыз адам. Тәуелсіз Қазақстанның әскери тарихын Сағадатсыз елестету мүмкін емес. Ол – Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан, жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алған, жиырма бір жасында Кеңес одағының батыры атағын алған азамат. Ол Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де әскери өмірден қол үзген жоқ. Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Венгриядағы Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары секілді ірі әскери лауазымды қызметтерді атқарды. Қазақстан Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдың басында егемен еліміздің қарулы күштерінің аяғынан нық тұруына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлға. Тәуелсіз Қазақстан тарихында №1 Қорғаныс министрі әрі тұңғыш «Халық қаһарманы» жоғары әскери шеніне ие болды. Ол бес рет қатарынан ширек ғасырға жуық халық қалаулысы болып сайланды. Демек, қоғам қайраткері, Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мемлекетіміздің Қарулы күштері мен елдің қауіпсіздігін қалыптастырудағы еңбегі ерен. Сағадат атамыздың әлемдік стандарттарға сай әскер құрудағы саяси-дипломатиялық сипаттағы ауқымды ісі елге үлгі, ал өмірі өнеге екені сөзсіз», дейді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының атқарушы директоры.

Оның айтынша, биыл батырдың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейтой аясында республиканың барлық аумағында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Әскери оқу орындарында «Ұлтына қорған болған батыр» атты тақырыппен ғылыми-танымдық конференциялар және «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме жалғасын тауып жатыр. Бұл бүгінгі жас ұрпаққа жігер, рух береді. Олардың отаншылдық сезімін оятады. Тағы бір үлкен қуаныш, біздің қордың ұсынысымен таяуда ғана Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырлары Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.

«Әрине, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп Абай атамыз бекер айтпаған ғой. Тәуелсіз Қазақстанның әле­уетті әскерін, Қарулы күштерін құрған Сағадат ағаны қалай мадақтасақ та жарасады. Сондықтан күні бүгінге дейін ұлы тұлғаның есімін есте қалдыру, ерлік істерін ұлықтау жалғасып жатыр. Дерекпен сөйлесек, Астана қаласындағы көшеге және «Жас ұлан» мектебіне есімі беріліп, бюст орнатылды. Алматы қаласында оның атында көше бар, Құрлық әскерлері әскери институты оның атымен аталады, бюст орнатылып, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылған. Ақтөбе, Атырау қаласында және Береке ауылындағы көшеге есімі берілген. Сонымен қатар биыл Ақмола облысы Ақкөл ауданында есімі берілген көшеге бюсті қойылды. Туған ауылы Еңбек ауылында көше мен мектепке есімі беріліп, екі нысан да күрделі жөндеуден өткізілді. Ауылға түнгі жарық жүргізілді. Барлық көшеге асфальт төселіп, 1 стелла мен 2 үлкен баннер орнатылды. Астана–Бурабай тас жолынан өзінің туған жері Еңбек ауылына дейінгі сегіз шақырымдық жол асфальтталды. Барлық 600 миллион теңгенің жұмысы 2020 жылы толық игерілді. Туған жеріндегі орта мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Көшедегі барлық шарбақ біркелкі боялды. Биыл 25 мамырда туған жері Ақкөлдегі ескерткішінің ашылу салтанатына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, сөз сөйледі. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ Қорғаныс министрі, облыс әкімі және генерал атамыздың қызы Айсұлу Сағадатқызы, қор басшысы Махмұт Нәлібаев та қатысты. Ақкөл ауылында 2014 жылдан бері жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен тұрақты түрде республикалық турнир өткізіліп келеді. Сондай-ақ Қосшы және Қоянды ауылындағы көшелерге есімі берілді. Талдықорған, Қостанай қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көше бар. Түркістан қаласы мен осы аймақтың 3 ауылындағы орта мектепке есімі берілді. Павлодар және Орал қаласында да оның атында көше бар. Шаһардағы естелік обелиск батырдың ерлік істерін көрсетіп тұр. Өскемен қаласындағы үлкен орталық көше мен мектепке есімі беріліп, өз есімімен аталған аллеяға үлкен ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Семей мен Ақтөбе қаласында көше батырдың атымен аталады және мұнда ескерткіш-тақта орнатылған. Қазір Сыр өңірінің бірқатар аудандарында батыр атамызды есте қалдыру мақсатында игілікті іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Шымкент қаласында, осы өңірдің Темірлан селосында, Түркістан облысындағы үш білім ордасына да есімі берілді, бюсті қойылды. Тараз қаласында №10 мектеп батырдың атымен аталып, көше ашылып, бюсті тұғырға қонды. Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыс­тары бойынша осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін республикамызда үлкен 4 ескерткіш пен 7 бюст орнатылды. Сағадат Нұрмағамбетов есімі Қазақстан бойынша 8 орта мектеп пен 20 елді мекендегі көшелерге берілген», дейді  Қали Қамбаров.

Оның айтуынша, қор Республикалық «Генералдар кеңесімен» бірлесе отырып бұл орайда үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін қордың ұйытқы болуымен және басқа да азаматтардың белсенділігінің арқасында Сағадат атамыз туралы алты кітап жарыққа шықты. Батыр атамыздың өзі көзі тірісінде жеті кітап жазған екен.

Қордың жобасында атқарылатын тағы бір жұмыс тұр: Сағадат Нұрмағамбетов соғыс басталар уақытында Түрікменстандағы пулемет училищесінде оқыған. Ендігі мақсат – Түрікменстаннан Рейхстагқа дейін барған Сағадат батыр атамыздың жолымен жүріп өту. Біз бұл автошеру арқылы батырдың ерлігін, даңқты жолын жас ұрпаққа үлгі етпекпіз. Әрине, бұл шеруді қор басшысы Махмұт Ыбырайханұлы қызу қолдап отыр. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы аталған жобаны жүзеге асырсақ деген ой бар көрінеді.

«Ақиқаты, Сағадат Нұрмағамбетовті ұлықтау жалғаса береді. Игі іс-шара 100 жылдық мерейтоймен шектеліп қалмайтын шығар» деген сұрағымызға: «Ең бастысы, Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мемлекеттік орден тағайындалды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризашылығымыз шексіз. Ендігі міндет – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы музей ашу. Ашығын айту керек, Махмұт Ыбырайханұлының қаржысымен бұрын шағын музей жұмыс істеді. Қазір барлық құжаттары дайын, музейге қажет құнды жәдігерлердің барлығы жинақталып тұр. Үкімет, Алматы қалалық әкімдігі тарапынан қолдау болып, үлкен музей ашылса деген өтініш бар. Ұлытау, Қарағанды және Маңғыстау облысында да батыр атамыздың есімін ұлықтау мақсатында игі жұмыстар жалғасып жатыр. Алматы қаласында көптеген мәдени іс-шараларға біздің қор демеушілік жасауды әлі жалғас­тырып келеді. Осының барлығы Махмұт Нәлібаевтың арқасында жүзеге асып жатыр. Мұндай іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. «Отаным, жерім» деген азамат қана ұлт үшін осындай ұлы істерге бара алады. Бішкек қаласында үстел теннисінен, билярдтан, Алматыда шағын футболдан өтетін жарысты біздің қор қаржыландырып отыр. Ол ғана емес, елге танымал қаншама әнші, өнерпаздардың кешін өткізуге қор мұрындық болды. Мұндай мысалдар өте көп. Өткен жылы жазушы Талғат Айтбайұлы «Ана тілі» газетіне Ақселеу Сейдімбек туралы мақала жазып, мәселе көтергені белгілі. Содан кейін қор басшысы М.Нәлібаев Алматы қалалық әкімдігіне хат жазып, ғалым-этнограф тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Жалпы, біздің жұртшылық тарапынан еститініміз тек жылы сөз. Қордың негізгі міндеті – ұлтқа қатысты ұлағатты істерді жалғастыру, өскелең ұрпақтың рухани, тарихи танымын кеңейту. Бұл ғана емес, қазақтың басқа да біртуар қайраткерлерінің тұрған үйіне де демеу­шілік жасап, ескерткіш-тақта орнатылды» деп жауап берді.