Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Түркістан облысында жалақысы қысқарған балабақша қызметкерлері шу шығарды

Жалақысы қысқарған жұмысшылар балабақшадағы былықтың бәрін жайып салды. Айтуларынша, соңғы 10 жылда балабақшаға бюджеттен ойыншық түгілі, сабын, ыдыс пен киім жууға арналған ұнтаққа көк тиын бөлінбепті...

Түркістан облысында жалақысы қысқарған балабақша қызметкерлері шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында балабақша қызметкерлерінің жалақысы қысқарып қалған. Сайрам ауданында "Күншуақ" деп аталатын мемлекеттік балабақша карантинге байланысты былтырғы наурыздан бері жабық тұр. Қызметкерлердің айтуынша, осы күнге дейін 280 бүлдіршіннің тек 160-ы ғана қалған. "Бала азайғанын" алға тартқан шенеуніктер қызметкерлердің бірталайын қысқартпақшы, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, аудандағы 100 мекеменің бәрі жұмыс істеп тұрса да, шенеуніктер түрлі сылтау айтып, балабақшаны ашуға құлықсыз болып отырған көрінеді. Соның салдарынан "бала азайды" деген желеумен жалақымен қоса, жұмысшыларды да қысқартпақ екен. Бұл жайтқа күйінген тәрбиешілер аудандағы басшылардың үстінен шағымдануда. Бүгінде 280 тәрбиеленушінің тең жартысы балабақшадан шығып кеткен. Осыған байланысты жұмысшылардың жалақысы да қысқарып қалған.

"Балабақшамыздың қашан ашылатынын басшыларымыз айта алмайды. Бірақ бала аз болса, жалақы қысқарады деді. Ал ол жабық болған соң, ата-аналар баласын жекеменшік балабақшаларға әкетіп жатыр. Соның салдарынан 70 мың жалақы алып жүргендер 38-40 мыңға дейін қысқарды. Сонда біздің кінәміз не?" - дейді тәрбиеші Гүлнар Құралова.

Жалақысы қысқарған жұмысшылар балабақшадағы былықтың бәрін жайып салды. Айтуларынша, соңғы 10 жылда балабақшаға бюджеттен ойыншық түгілі, сабын, ыдыс пен киім жууға арналған ұнтаққа көк тиын бөлінбепті. Бояу мен әкті ата-аналар есебінен алып, жұмысқа өзімізді жегеді дейді. Тіпті бірнеше айдан бері зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына деп ақша ұсталғанымен, жарналары есепшоттарына түспей жатқанын жеткізді.

"Біз қаңтар, ақпан, наурызда тағы медсақтандырусыз, зейнетақы жарнасынсыз қалып отырмыз. Ал оған кім жауапты? Сіздер заңды бұзып отырсыздар. Біздің меңгерушіміз 3 миллион 700 мыңды қағазда тура құжатты шұқып көрсетті. Желтоқсан айының қаражаты құйылмай тұр. Ол сіздерге өтіп кеткен", - дейді балабақша қызметкерлерінің бірі.

Қызметкерлердің айқайын естіген білім бөлімі мен аудан басшылары бірден келген. Айтуларынша, карантиннен енді ес жиып, ашпақ болып жатқанда екінші қабаттағы құбыр жарылып, 5 тонна су балабақшаны бүлдірген. Енді күрделі жөндеуден өтпейінше, тіпті ашылмайды дейді олар.

"Толық жөндеу біткенше, ата-аналар баламызды балабақшаға береміз десе, біздің Ақсукенттің ортасында балабақша жеткілікті. Бізде бала балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Осы жерде қалаған үй жанындағы балабақшаға бере береді", - дейді Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Құралай Шадиева.

"Күншуақ" балабақшасына күрделі жөндеудің қашан жүргізілетіні белгісіз. Ал бірнеше ай түспей қалған жарна мен жылдар бойы ата-анадан ақша жиналып келгеніне қатысты шағымға ешкім жауап бере алмаған. Себебі, жаңа жылға дейін "Күншуақ" балабақшасы ауылдық әкімдікке қараған екен. Ал ол әкім зейнетке шығып кетіпті. Бұрынғы меңгеруші мен бас есепші жемқорлық бабымен сотталып кеткен.