Әнші Жеңіс Ысқақова «Adal Adam» YouTube-арнасына берген сұхбатында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар туралы пікірін білдірді.
«Біз әйелдің құқығын қорғаймыз деп, өзінің әйелдік міндетін атқара алмайтын әйелдерді қорғап қоюымыз мүмкін. Әйелдік міндетті атқару деген — әрбір келін барған жердің құлындай болу керек. Әрбір әйел өз отанының (отбасының) құлы болу керек. Мұны бұрын да айтқанмын. «Сен келін құл болсын деп жатырсың» деп наразы болды сол кезде. Олар бұл сөздің түбірін түсінбей тұр, әрбір әйел өз Отанының берекесін келтіріп, тәрбиесін, тазалығын ұстап, білімін қадағалау керек. Тіпті ер азаматтарды да «әке-көке» деп, жылы-жылы сөйлеп, тамағын уақытылы беріп, көйлегін тазалап, ендісінде «мына балаларға костюм-шалбар керек болады, соның ақшасын тауып келе ғой» деу керек. «Мына балалардың оқулықтары бітіп жатыр, соны сен тауып келе ғой» деп отыратын, өзінің әйелдік міндетін атқаратын отанасы болу керек. Әр түрлі адамдар болады, психологиясы әр түрлі. Барлығы тәрбиеден басталады. Қырғын төбелес, әкесі мен шешесінің ұрысын көріп өскен бала ертең ол да сондай болады. Баяғыда бізді шешелеріміз «әкеңе айтамын», «әкең келе жатыр», шулап жатсақ, «әкең ұйықтап жатыр, шулама» дейтін. Это политика. Сол әкемізді мына жаққа апарып, жанын шығарып тұрып өзі сықпыртып алады (күліп). Бұл тәртіп, тәрбие, сыйластықтың үлгісі», — деді әнші.