Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Ақтөбе әкімінің орынбасары бюджет қаржысына өзіне "Лексус" сатып алған

Жангелді Әубәкіровтің "КДС-Астана" деген компаниясымен тікелей шарт жасап, ақша аударады. Ал компанияға шенеуніктер сыбайластарының бірінің баласын директор етіп тағайындаған.

Ақтөбе әкімінің орынбасары бюджет қаржысына өзіне "Лексус" сатып алған
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары сот алдында жауап бере бастады. Жангелді Әубәкіровке қарамағындағы бөлім басшысымен бірігіп, қазына қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шаһар басшысының 42 жастағы экс-орынбасары жаңа жыл алдында қаланы безендіруге бөлінген 100 миллион теңгені өз қажетіне жұмсап жіберген көрінеді. Тергеу мәліметтеріне сай, бұрынғы шенеунік өзіне су жаңа "Лексус" көлігін, пәтерінің жөндеуіне қажет құрылыс материалдары мен былғары кресло сатып алған.

Бюджеттің қомақты қаражатын қолды қылуға тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімін басқарған Нұрлан Досов көмек берген. Жангелді Әубәкіровтің "КДС-Астана" деген компаниясымен тікелей шарт жасап, ақша аударады. Ал компанияға шенеуніктер сыбайластарының бірінің баласын директор етіп тағайындаған.

Ең қызығы, сотталушылар қазына ақшасын өздері иемденіп, қаланы безендіруге демеушілер көмегіне жүгінген. Жангелді Әубәкіров Ақтөбеге дейін Ақтау қаласының әкіміне де орынбасар болған. Сот ашық болғанымен, карантин шектеулеріне байланысты онлайн өтіп жатыр. Ал сотталушылар әзірге қолхатпен бостандықта жүр.

"Адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, жаңажылдық шараларды өткізуге жалған шарт жасасу арқылы және заңсыз мемлекеттік сатып алуды жүргізіп, кейін іс жүзінде орындалмаған жұмысқа мемлекеттік бюджеттен бөлінген аса ірі мөлшердегі қаражатты иемденіп, талан-таражға салды деп айыпталуда", - деді Ақтөбе қалалық сотының баспасөз хатшысы Махаббат Ешімова.