Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Отбасы құндылығы: Алматыда Отбасы күні дәріптелді

Халықаралық отбасы күні мерекесінде Наурызбай аудандық Отбасыларды әлеуметтік қолдау орталығы "Отбасы - бақыт мекені" атты байқау өткізді. Сайыс түрінде ұйымдастырылған іс-шараға көпбалалы және өнерлі отбасылар қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Отбасы құндылығы: Алматыда Отбасы күні дәріптелді
Фото: almaty-akshamy.kz

Бәсекеге орталықтың сыйлы аналары Аманжолова Еңлік пен үздік тәрбиеші Омарова Нұрсұлу қазылық етті. Ал орталықта қызмет ететін Смайылова Динара, Тілекеева Бану, Әбжаппарова Жазира және Балтахаева Айша сынды аналар болса, өз отбасыларымен қатысып, өзара бақ сынады.

“Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады”. Осы халық мақалы арқылы бүгінгі әңгімемізді бастағымыз келеді. Отбасы, адалдық және махаббат – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтар. Адамның өмір жолы отбасынан басталады: туылу, тәрбиелеу, құндылық бағдарлары мен көзқарастарын қалыптастыру, дәстүрлерді беру, рухани-адамгершілік даму.

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 1993 жылы 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық Отбасы күні жарияланды. Мерекенің негізгі миссиясы – қоғамның назарын отбасы проблемаларына, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу және нығайту мәселелеріне аудару.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасылық саясат мемлекеттің басты басымдығы болып табылады және отбасын нығайту мен қазақстандықтардың әл-ауқаты бойынша жүйелі және кешенді жұмыс жолға қойылған», дейді үздік тәрбиеші Омарова Нұрсұлу.

Сайыс "таныстыру", "отбасылық өнер", "мақал-мәтел" және «спорттық сайыс» пен "отбасы дәмі" сынды бес бөлімнен тұрды. Додада Тілекеева Банудың отбасы оқ бойы озық шығып, бас жүлдені иеленді.

"Отан отбасынан басталады" деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса, отанасы, одан қалса, үлкен аға не әпке басқарады, олардың сөзін, ұйғарымын өзгелері жерде қалдырмайды. Әрбір ересек адам өзі бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, оның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек екендіктерін білулері қажет. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз. Мұның бәрін неге қозғап отырмыз? Себебі бүгін - жарық дүниедегі ең жақын жандарыңыздың төл мерекесі екен», - дейді Тілекеева Бану.

Додаға қатысқан өзге отбасылар да құр алақан қалған жоқ. Олар да "Өнерлі отбасы", "Шығармашыл отбасы" және "Спорттық отбасы" номинациялары бойынша марапатталды. Сайысқа қатысқан барлық отбасыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.