Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Рүстем Досжанов: «Ұлы дала жорығы» халықтың ең сүйікті жобасына айналды

Aikyn.kz сайтында жарияланған “Ұлы дала жорығының” жеңімпазы атанған Жетісу өңірінің команда жетекшісі Рүстем Досжановпен сұхбат.

Рүстем Досжанов: «Ұлы дала жорығы» халықтың ең сүйікті жобасына айналды
фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Қазақтың танымал геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған биылғы «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті.

Жеңімпаздар анықталып, күзде өтетін халықаралық марафон-бәйгеге жолдамалар үлестірілді. Алдағы үш айда командалар тынымсыз дайындықта болады. Оның үстіне, бұл жарысқа алыс-жақын шетелдерден бірнеше команда келуге ниетті.

Осы орайда екі жыл қатарынан “Ұлы дала жорығының” жеңімпазы атанған Жетісу өңірінің команда жетекшісі Рүстем Досжанов мырзамен жолығып, өткен жарысты талқылап, алдағы әлемдік деңгейдегі додаға дайындық туралы сұрап-білген едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Жарыс жеңімпаздары мен нәтижелерін болжауда қандай негізгі критерийлерге, әдіс-тәсілдерге сүйенесіз?

– Өзіңіз білесіз, “Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен “сен тұр, мен атайын” деген мықты командалар қатысты. Биыл үшінші рет өткендіктен, шабандоздарда біраз тәжірибе жинақталған.

Шыны керек, өткен жылдың чемпионы бола тұра, осы атақты биыл да сақтап қалу біз үшін оңайға соққан жоқ. Бәсекелестер осал емес. Шама-шарқымызша жақсы дайындықпен келуге тырыстық. Қаңтар айынан бастап аттан түскен жоқпыз.

Өткен жылы 1 300 шақырымға шапқанда, 10 ат қатысты, бір рет жылқы ауыстыруға мүмкіндік берілді. Сол себепті ат таңдау мәселесі қиындау болды. Биыл 500 шақырымға шаптық. 5 ат қана қатыстырылды, сол себепті де атты таңдап, дайындау анағұрлым оңай болғаны тағы бар.

Сонымен қатар, өткен жылы алғашқы 10 күнде бар күшімізді салмай, асықпай, үздік үштік-төртікте жүріп отырдық. Соңғы 2-3 күн қалғанда ғана бар күш-жігерімізді салып басқанымыз рас. Биыл жарыс бес күн ғана болғандықтан, “Мен” деген командалар алғаш күннен бастап уақытқа жұмыс істей бастады. Сол себепті біз де стратегиямызды аяқасты ауыстыруға мәжбүр болдық. Командалардан кем дегенде отыз минут алға озып, содан кейін барып асықпай желіске бастық. Осындай амал-тәсілмен биыл жұмыс істедік. Ең бастысы, қанша озсақ та, басты мақсат аттарды шаршатып, болдыртып алмау болды.

Тағы бір маңызды жайт. Алғашқы күндері қарсылас командалардың аттары неге жарайтынын, қандай осал және ұтатын тұстары барын байқап, меңзеп алдық. Содан кейін барып өзіміздің жоспар-бағдарымызды құрдық. Біле білгенге, бұл да бір өз алдына кәдімгідей стратегия.

– Бәйге-марафон барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар қандай қиындықтарға кезікті және оларды қалай жеңе білді деп ойлайсыз?

– Алдыңғы жылғы маршрутқа қарағанда биылғы Павлодар-Астана бағытындағы жол анағұрлым ыңғайлы болды, оны мойындау керек. Жер болғасын, сазы да, тасы да болады. Оған қоса жауыны, желі бар. Күннің суықтығы өз алдына бір хикая. Жарысқа қатысқан командалардың барлығының да тәжірибесі мол болғандықтан, ешкім аса бір қатты қиналды деп айта алмаймын.

18 өңірден қатысушылар келді, яғни сан алуан пікір мен көзқарас болды, дау-дамай да туындамай тұрмайды. Бәріне бірдей жағу, көңілін табу оңай емес. Дей тұрғанмен, “Жорық” федерациясының жігіттеріне алғысым шексіз. Олар барлығын әділ шешіп, ұйымдастыру жұмыстарын толыққанды жүргізді.

Әсіресе, төрешілердің әділдікке негізделген жұмысын ерекше атап өтер едім. Бас төрешіні алыс шетелден алдыртыпты, өзімізден адам табылмағаны ма дегендердің қарасы көп болды. Бұл жеңіле білмейтіндердің артық әңгімесі. Әдейі жағымсыз пікір қалыптастыру үшін жасалған шара да болуы әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, отандық төрешілердің қандай да бір аймаққа, командаға бүйрегі әркез бұрып тұратыны жасырын емес қой. Сондай тұстарды болдырмау үшін ешкімге алып-кетері жоқ бейтарап адамды арнайы алыстан шақырғаны өте дұрыс шешім болды деп санаймын.

– Өткен жылдармен салыстырғанда биыл командалардың қатысуында қандай өзгеріс, шараны ұйымдастыруда жаңалық байқадыңыз?

– Басты байқағаным, командалар биыл бірыңғай киім үлгілері мен аттардың жағдайын жақсартқан. Алдыңғы жылдары шабандоздардың салмағы да ауыр болатын, ол атқа қосымша күш салатыны анық. Биыл командалар оған да ерекше мән берген. Жарысқа қатысқан шабандоздардың салмағы әжептәуір жеңілдеп қалғанын бірден байқадық. Аттардың жай-күйі де жоғары деңгейде. Алдыңғы жорықтарда мәреге үш-төрт команда әрең жеткен болса, биыл бірден он команда мәре сызығын жеңіл кесіп өтті.

Бір байқағаным, өткен жылы да, биыл да біз мәреге үш атпен жеттік. Маңғыстау, Алматы мен Жамбыл төрт ат болып келді. Бұның барлығы командалардың ат таңдау жағынан мол тәжірибе жинағандарын аңғартады.

Ұйымдастырушылар биыл жарысқа тағы бір өзгеріс енгізіп отыр. Тұқымдар арасында бір-бірін артқа тартпасын деп, жеке тұқым дәлелдеу мақсатында жаңа формат енгізді. Ол үшін арнайы қазақтың тұқымдарын біріктіретін “Рекорд” командасы жасақталған. Оның құрамында алты шабандоз шауып, төртеуі мәреге дейін сүрінбей жетті.

Қазақта әр өңірде кемінде бір тұқымнан болған ғой, соны қалпына келтіру ісін  JORYQ  ат спорты федерациясы қолға алып отыр. Құптарлық бастама. Бұл қазанаттар мен азаматтарды дәлелдеумен қоса, тұқымдардың статус алуына өзіндік септігін тигізетін бастама бола ма деп ойлаймын. Қазіргі таңда Жетісу арғымақтары командалық жарыста да, жеке тұқымдар арасындағы бәсекеде де өздерінің мықты екендерін дәлелдеп отыр.

Ветеринар дәрігерлердің жұмысын да ерекше атап өткім келеді. Мал дәрігерлерінің асқан шеберлігі болмағанда биыл жарысқа қатысып, ауырған аттардың көбісі мәреге жетпей қалар ма еді. Алайда олай болған жоқ. Бір-екі ат қана болмаса, қалғандарының барлығы, тіпті іші өткен аттардың өзі, мәреге дейін аман-есен жетті.

Ұйымдастырушылар биыл аттардың жүретін жолын да өте жақсы таңдапты. Жолдың барлығы атқа ыңғайлы жазық далалы, салқын желді, көгал болды. Суды да кешіктірмей, дер кезінде жеткізіп отырды. Алдыңғы жылы кеткен барлық олқылықтар ескерілген.

– Марафон-бәйгеге қатысу барысында өздеріңізге қандай міндеттер мен мақсаттар, талаптар қойдыңыздар?

– Осы жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков пен бастамашы жігіттер үлкен істі қолға алып отыр. “Ұлы дала жорығының” басты идеясы аттарды оздырып, ұзақ шақырымды қысқа уақытта шауып өту ғана емес. Оның мәні тереңде жатыр. Ең бастысы,  қазанаттар мен азаматтарды халық арасында кеңінен танымал ету. Екіншіден, ұлттық брендті қалыптастыру, асылтұқымды аттарды сұрыптау мен насихаттау. Одан қала берді, біздің ата-бабаларымыз аттың тұяғымен, найзаның ұшымен ұлан-ғайыр жерге ие болып, оны аман-есен сақтап қалып, келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізгенін де халық арасында кеңінен дәріптеу –  бүгінгі күннің батырларына бұйырған үлкен жауапкершілікті талап ететін игі шара.

Өзімізге қойған басты міндет пен мақсат өткен жылғы чемпиондық атақты сақтап қалу үшін шабандоздар мен аттарды жоғары деңгейде дайындау болды. Алдыңғы жылғы жіберілген қателіктермен біраз жұмыс істедік. Қаңтар айынан бастап үздіксіз жиындар өткіздік. Сол кездің өзінде биылғы “Ұлы дала жорығында” қайткенде де жеңіске жетіп, күзде өтетін халықаралық жарыста еліміздің көк Туын желбіретсек деген ұлы мақсат қойғанымызды жасырмаймын. Бірінші мақсатымыз орындалды. Енді келесі межеге дайындықты одан да күшейтіп, білекті сыбана жұмысқа кірісіп кеттік.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында өтетін “Ұлы дала жорығында” Жетісу өңірі  арғымақтарының мәртебесі мен мерейін үстем етіп, мықты тұқым екенін дәлелдеп, статус алып шықсақ деген асқақ арман бізде де жоқ емес. Сол мақсатта тер төгіп, еңбектеніп жатырмыз. Оның нәтижесін алдағы қыркүйек айында көрерсіздер.

– Осы жылғы тәжірибеңізге сүйене отырып, алдағы уақытта жобаға қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізуді ұсынар едіңіз?

– Алдағы күзде өтетін жарысқа еріктілердің (волонтер) көмегі қажет болатын сияқты. Себебі, алыс-жақын шетелдерден шабандоздар келетін болса, әрбір 5-10 шақырым жерде жол бағытын меңзеп, қандай да басқа қажетті көмек беруге дайын тұратын еріктілер болса, жақсы болар еді. Оған қоса, мүмкін болып жатса, жол бойы, әрбір бұрылыста арнайы нұсқаулар орнатылса. Командалар ережені бұзбай, тек қана бекітілген картамен ғана жүрсе екен.

Ветеринар дәрігерлер мәреге аяғын әлсіз ғана сілтеп келген аттарды бірден жарыстан шығара салмай, демалысқа белгіленген уақытта тұлпарларға тиісті массаждарын, ем-домдарын жасатуға мүмкіндік беріп, келесі жарыс алдында тағы бір тексеріп шықса деген тілек-өтінішіміз бар. Себебі ақсаудың да түр-түрі болады ғой. Аяғын жай ғана тіреп қалған аттарды қисынсыз шығарып тастамай, тағы бір мүмкіндік берсе. Келесі 50 шақырымды жүріп өткенде ақсаған жері асқынып, тіпті жарамай бара жатса, жарыстан шығарса, еш өкініш те, реніш те болмайды деп ойлаймын жарысқа қатысушылар тарапынан. Өйткені, кейбір аттар аяқасты табанымен тас басып кетіп, уақытша ғана ақсаңдап қалатын сәттер болады. Келесі күні ары қарай басып кетіп, соңына дейін жетіп жатқан аттарды көрдік. Сол себепті осы жағынан жеңілдіктер болса, құба-құп.

– Биылғы жылдың күзінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің халықаралық кезеңі өтеді. Сіздің ойыңызша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы «Ұлы дала жорығының» ерекшелігі мен маңыздылығы қандай болмақ?

– “Ұлы дала жорығының” болашағы зор деп есептеймін. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілгелі отыр. Бұл –  біз үшін үлкен сын, әрі абырой.

Атты қолға үйреткен жер дәл осы Алаш жері екенін ғалымдар дәлелдеп, бүкіл әлем мойындап отыр. Сол себепті қазақтың тұлпарларын дәріптеудегі басты мақсат –  бүкіл әлемге ұзақ қашықтықты жеңіл еңсере алатынын дәлелдеп беру.

Арамызға қыздардан жасақталған команданың қосылып жатқаны да ерекше қуантады. Жігіттер тұрмақ, қыз балалардың атқа мініп, шапқанын, ұзақ қашықтықты бағындыра алатынын, жігіттерге есесін жібермей, тайталаса алатынын басқа қай елден көресіз?! Әлемде бар шығар –  араб елдерінде, Еуропада аз қашықтыққа жарысатындары, ал біздің елде секілді 500 шақырымды бағындырамын деп тәуекел еткендерді осы уақытқа дейін еш жерде кездестірмеппін.

“Ұлы дала жорығы” дәл қазіргі таңда басқа спорт түрлеріне қарағанда халықтың ең сүйікті жобасына айналғаны жасырын емес. Насихат жұмысы, халықтың шын ықыласы, әлеуметтік желілердегі қаралым мен таралым жағынан жоба басқаларынан бір саты алда тұр.

Үш-ақ жылдың ішінде “Ұлы дала жорығы” халық кәдімгідей асыға тосатын жағдайға жетті. Менің жеке ойым –  алдағы “Дүниежүзілік көшпенділер ойынының” сәнін де, мәнін де келтіретін бірден-бір ат спорты түрі болса, дәл осы “Ұлы дала жорығы” болмақ. Ол Көшпенділер ойынының абыройын асқақтатып, еселей түсетін бәсеке болады деп сенемін.

– Жетісу командасына алда келе жатқан байрақты бәсекеде сәттілік тілей отырып, ниеттеріңізге жетіңіздер дейміз! Сәттілік серік болсын, Рүстем мырза! Сұхбатыңызға рақмет!