Интернет арқылы діни білім алу адамға үлкен қауіп төндіреді, ол кенеттен радикалды идеологияның ықпалына түсіп, экстремистік ұйымдардың қатарына қосылуы мүмкін. Осы орайда теологтар білімді тек ресми сайттардан алуға кеңес береді, – деп хабарлайды Paryz.kz.
Егер бұрын мұсылман дінін ұстанушылар рухани білімді атақты теологтардан алса немесе бір елден екінші елге саяхаттап, тәжірибелі рухани тәлімгерлерден дәріс алса, бүгінде жоғары технология мен цифрландыру заманында діни білімді үйлерінен шықпай-ақ ала алады.
«Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теолог-кеңесшісі Арай Бәкірованың айтуынша, қазіргі жастар көп жағдайда түрлі форумдар, сайттар, әлеуметтік желілер мен қоғамдастықтарда діни білім алуға тырысады. Көбінесе неофиттер экстремистік және террористік ұйымдардың жалған шейхтерімен және жалдаушыларымен кездеседі, олар оларды теріс жолға шебер бағыттайды, діни канондардың түсіндірмесін бұрмалайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда іргелі діни білімдерді келесідей көздер арқылы алу үшін барлық жағдай жасалған:
– Дін істері комитетінде сараптамадан өткен діни сипаттағы кітаптар мен материалдар;
– рухани теологиялық институттар;
– мешіттердегі курстар;
– тіркелген діни бірлестіктердің ресми интернет-ресурстары.
ҚМДБ басшылығымен елімізде орта арнаулы теологиялық білім беру аясында Астана, Алматы, Талдықорған, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш және Тараз қалаларында тоғыз медресе жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚМДБ жанынан Имамдардың біліктілігін арттыру институты мен Құран қариларын дайындайтын екі орталық жұмыс істейді.
Жоғары теологиялық білім беру жүйесінде «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс істейді. Бұл жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды дайындайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Бүгінде мұнда мыңға жуық студент білім алуда.
Сонымен қатар, еліміздегі барлық дерлік мешіттерде діни сауат ашу курстары ашылған.
«Псевдодіни және деструктивті идеялармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – діни сала мәселелері бойынша сауаттылық. Өйткені білімсіздік күмән тудырады, күдік – надандық, надандық – қателік. Сондықтан Қазақстанда «Өңірлерде діни түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы кеңінен жүзеге асырылуда», – дейді Арай Бәкірова.
Ғаламтор арқылы рухани білім алғысы келетіндерге дінтанушылар тек тіркелген діни бірлестіктердің сайттарына кіруге кеңес береді. Қазіргі уақытта 20-дан астам ресми интернет-ресурстар жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда экстремистік ұйымдар адам санасын жаулап алудың түрлі әдістерін қолдануда. Жасыратыны жоқ, бүгінде ғылым мен техника дамыған заманда интернетте діни экстремизмді насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай «Діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет-ресурстардың қауіптілігі» тақырыбында дәрістер жиі өткізіледі. Негізгі мақсат – студенттерге діни экстремизм туралы түсінік беру, оның себептері мен салдарын түсіну.
Егерде Сіз немесен жақын адамыңыз экстремистік діни ағымдардан зардап шегіп, теолог мамандардың көмегіне мұқтаж болсаңыз Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығының жедел желісіне жүгіне аласыз: 8-700-742-0565 (ерлер үшін), 8-700-742-0566 (әйелдер үшін).