Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Атырауда 12 қыздың арасындағы жалғыз ұл үйленді

"Тұрмысқа шығуға дайындалып жүргенде ғана біртүрлі сезім пайда болды. Шынымен 12 қайын апам болатынына сол кезде сене бастадым", - дейді жас келін.

Атырауда 12 қыздың арасындағы жалғыз ұл үйленді
фото: дереккөз

Атырауда ерекше отбасы өмір сүріп жатыр. Әулеттің анасы Сәуле Қазенованың 12 қызы, бір ұлы бар. Осыдан бір жарым жыл бұрын әулетке келін түскен. Қайын апаларының әрқайсысымен тіл табысып, тату-тәтті тұрып жатқан атыраулық жас келін сырын бөлісті. Болашақ жарымен қыз-жігіт болып араласып жүргенде қайын апасының көп болатынына аса мән бермеген ол, осы шаңыраққа алғаш келгенде қорқынышы болғанын жасырмады, деп жазды NUR.KZ.

Сәуле әжейдің жасы 72-де. Жолдасы өмірден өткенде ең кенжесі бес жарым жаста болған екен. Бірінің соңынан бірін 12 қыз туған батыр ана қазір олардың қызығын көріп отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Сәуле Қазенова өзін бақыттымын деп есептейді.

"Қыз, ұл деген жоқпыз. Алланың берген балалары. Өсірдік, асырадық. Еш жері кем емес, Аллаға шүкір, бәрі аман-есен. 12 қыз, артынан бір ұлым бар. Ұлым былтыр үйленді, тәп-тәтті Раяна деген немерем бар. Биыл жасқа толады. Қыздарым оқығанынша оқыды, жұмыстарын істеп жүр. Барлығы тұрмыста. Ұлым қолымда. Келінім жақсы, үйде шайымды құйып беріп отыр. Келінім маған алғаш әкеліп көрсеткеннен ұнады. Ұлымды 43 жасымда босанғанмын. Ұлдың бетінен ешкім қаққан жоқ. Әкесі ертерек қайтыс болды. Бес жарым жасында. Содан бері апа-жезделері еркелетіп өсірді", - дейді әулеттің анасы.

Сәуле әжейдің айтуынша, марқұм жолдасы қыз туа бергеніне ләм-мим демеген, керісінше қуанған.

"Күйеуім: "қыздарым - қызыл алтын", "бір-бір гүл", "бір-бір Волга" деп өсірді. Ол бізді "кілең қыздар" деп кемсіткен адаммен ұрсысатын еді. Соның арқасында туа берген болармын", - дейді Сәуле әже күліп.

Әженің келіні Айгерім Рысина 25 жасында осы табалдырықты аттаған. Ол болашақ жарымен қыз-жігіт ретінде сөйлесіп жүргенде 12 қайын апасының болатынына аса мән бермеген.

"Шыны керек, басында қыз бен жігіт болып жүргенде болашақта 12 қайын апам болатынын естідім, бірақ оған көңіл бөлмедім. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Тұрмысқа шығуға дайындалып жүргенде ғана біртүрлі сезім пайда болды. Шынымен 12 қайын апам болатынына сол кезде сене бастадым. Қазір бәрімен араласып, үйреніп кеткен соң, еш қорқыныш жоқ. 12 қайын апамның бар екені мүлде білінбейді", - дейді жас келін.

Айгерімге басында қайын апаларын ажырату қиынға түскен. Ол әрқайсысын сыйлап, құрметтейтінін, алайда есімдерімен атайтынын жеткізді.

"Шынын айтсам, есімдерін көп шатастырдым. Тұрмысқа шықпас бұрын жаттап, үйреніп жүрдім. Қайын апаларым есімдерімен атағанды жөн көрді. Ат қою деген талап қоймады. Бәрі түсіністікпен қарайды", - дейді Айгерім күліп.

Жас келін қазір бәрімен жақсы тіл табысқанын айтады. Тіпті өзімен сырлас боп кеткен қайынпалары бар.

"Бәрімен жақсы араласамын, бірақ өзіме жақын, үйге күнде келіп тұратын қайын апаларым бар", - дейді ол.

Айгерім Рысина жолдасының әпкелерінен жақсы нәрсе үйренуге тырысатынын да айтып қалды.

"Олардың әрқайсысынан өзіме керекті жақсы қасиеттерін аламын. Мысалы біреуі тамақты жақсы пісірсе, екіншісінен тазалықты, үшіншісінен киім тігуді үйреніп алдым. Бір сөзбен айтқанда, бесаспаппын", - дейді Айгерім.

Жас келін өзіне жақсы ене бұйырғанына риза.

"Енем енді жақсы адам. Өзі осы уақытқа дейін көп қыз өсірген ана. Сондықтан мені өте жақсы түсінеді. Жалпы біздің елде келіндеріне қысым көрсететін енелер бар ғой. Аллаға шүкір мені де осы үйдің 13-ші қызы ретінде қабылдады", - дейді Айгерім Рысина.

Сәуле әженің қыз-күйеу балаларының барлығы Атырауда тұрады екен.