Алматы төрінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумы мәресіне жетті. Аймақтағы БАҚ-тың өзекті мәселелерін «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деген тақырып шеңберінде қаузаған алқалы жиын екі күнге созылды. Оған әр облыс, қаладан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100-ден астам медиа маман келді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Форумның алғашқы күні «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру», «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары», сондай-ақ «Салалық журналистика» тақырыптарында панелдік отырыстар өтті.
– Бұқаралық ақпарат құралдары – халық мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін де сапалы жұмыс істеуі үшін әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Өңірдегі халықтың көңіл күйін жеткізетін тілшілер болғандықтан, аймақтағы ахуалдың бет-бейнесі оқырманға жеткізілетін ақпараттың сапасына байланысты екені де белгілі. Мерзімді басылым заман талабына, өмір ағымына сай түрленуі керек. Бұл форум өңірлерден келген ақпарат өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болды деп ойлаймын, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов.
Форум аясында спикерлер тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жас кадрларды көптеп тарту, журналистерді ынталандыру үшін «Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Алматыны БАҚ орталығы деп айтуға әбден болады. Себебі, біздің мегаполисте мерзімді басылымдар көп шоғырланған. Олардың арасында тарихы тереңде жатқан, әлі де шығып жатқан, мазмұнын да жоғалтпаған газеттер аз емес. Газеттердің ең сенімді ақпарат көздерінің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Бізде «Alatau-Аqparat» медиахолдингі бар, аясы кең. Оның қызметкерлері бүгінде түрік тілі курсын тегін оқып жатыр. Осылайша әріптестеріміздің халықаралық деңгейге көтерілуіне жол ашылмақ, – деп атап өтті Айдар Рахымжанұлы.
Ал «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында контент сапасын арттыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Форумның пленарлық отырысында «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп және «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбеков сараптамалық материал жазу стилі, журналистік зерттеу тәсілдері туралы сөз қозғап, дәл осы жанр газет оқырманын ұстап тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева баспасөз беттерінде қате қолданылып жүрген сөздер мен тіркестер туралы тарқатты. Әсіресе, жас буынның өзіміздің қазақы, ұғынықты сөздер тұрғанда, орыс тілінен тікелей аударылған калька сөздерге, шетелдік терминдерге әуестігін сынға алды.
Мерзімді басылымда жазудан бөлек, беттелуі, дизайны, суреттермен көмкерілуі де үлкен рөл атқарады. Бәсекеге төтеп берудің тағы бір жолы – осы. «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева газеттің қатталуы, мақалаларды, оның тақырыптарын тартымды, «ойнатып» беру әдістері туралы қозғаса, «Казахстанская правданың» фототілшісі Юрий Беккер газеттің матералдарға өзгеше әр беріп, жазусыз-ақ «сөйлетіп» тұратын суреттердің шебер берілу жолдарын, кәсіби шеберліктің маңызды қырларын әңгімеледі.
«Kursiv Media» іскерлік басылымының бас редакторы Мира Халина кезінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін және оларды қалай еңсергендері жайында тарқатты.
– Түрлі баспаларда жұмыс істедік. Газеттер дағдарысқа ұшырап, тым аз оқылатын жағдайға дейін түсіп кеткен кездеріміз де болды. Мәселені шешу үшін заман ағымына сай оңтайландыру жолдарын іздеуге көштік. Берілетін мақалалардың мазмұнын жақсарттық, жарнама берушілерді тарту үшін түрлі-түсті беттер қостық. Сондай-ақ, материалдарды инфографикамен, коллаждармен көмкере бастадық. Басылымның оқырманға жедел жету мәселесі де жолға қойылды. Жалпы, БАҚ әрқашан оқырманға қарай икемделуі керек, ал оқырманға керегі – нақты, шынайы ақпарат, – деді ол.
Республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумында 5 панельдік сессия өтті. Отыздан аса медиа маманы тәжірибесімен бөлісті. Форум соңында әр аймақтан келген 10 журналист салтанатты рәуіште «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.