Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Үш айлық баласына тамақ апара жатқан». Автобус апатына кінәлі деген жігіттің анасы сотта мәлімдеме жасады

Алматыда үш адамның өміріне әкеп соқтырған автобус апатына байланысты сот процессі тікелей эфирде өтіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Үш айлық баласына тамақ апара жатқан». Автобус апатына кінәлі деген жігіттің анасы сотта мәлімдеме жасады
Фото: видеодан скриншот

Бүгін сотта жарыссөз өтіп жатыр. Жарыссөзде күдікті Дархан Ахметжановтың анасы сөз алып, ұлы туралы айтты. Сонымен қатар, апат болған күні баласы үш айлық баласына асығып бара жатқанын айтты.

«Ұлым Дархан Ахметжанов көзі ашық, көкірегі ояу адам, ешқашан дөрекі қылығы болмаған адам. Кез келгенінен сұрасаңыздар болады. Еш жерде есепте тұрмаған. Жұмыс істеп, үш баласын асырап, өзімен өзі жүрген адам еді. Осы жаңалықты естігенде мен шок болдым. Бұған дейін біреуді ұрғанын, біреумен төбелескенін көрген жоқпын», - дейді анасы.

Әйелдің айтуынша, қылмыс болған күні Дархан Ахметжановқа әйелі хабарласып, үш айлық баласының қарны ашып жатқанын, оған тез арада смесь жеткізуін сұраған.

«Сол күні кішкентай үш айлық баласына асығып бара жатқан. Әйелі тез смесь алып келуін өтінген. Ол қашқан жоқ, жолақысын төлеген. Бірақ, ол төлемі жүрмей қалған. Жүргізушісі оны шақырып алып, төлеміңді көрсет деп, ар-намысына тиген. Ол сөздер кез келген ер адамның намысына тиер еді. Жүргізуші Шөкебаева аялдамадан тоқтамай өтіп, оны шығармайтынын айтып, намысына тиетін сөздер айтып отыр. Қазір жүргізуші өзінің кінәсі бар болса да оны мойындамай отыр. Ахметжанов өз кінәсін мойындайды», - деді әйел.

Еске салсақ, жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмған. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жүргізуші әйел де солардың қатарында. 

Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.