Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ақтөбеде жедел жәрдем жүргізушілері жалақыны көтеруді талап етті

"70-80 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейді. Әркімнің басында бір-бір несие. Қазір тамақ та қымбат", - дейді жүргізуші Алтай Аманжолов.

Ақтөбеде жедел жәрдем жүргізушілері жалақыны көтеруді талап етті
фото: дереккөз

Соңғы кезде "жалақымды көтер" деп ұрандатып, ереуілге шығушылар көбейді. Құдды өзара кеңесіп алғандай-ақ әр өңірден әртүрлі мамандық иелері биліктің аз жалақы төлеп отырғанына наразы. Азық-түлік бағасы күн өткен сайын аспандап келеді, деп жазды paryz.kz

Nur.kz сайтының хабарлауынша, Ақтөбеде енді жедел жәрдем көлігінің 50-ге тарта жүргізушісі наразылыққа шыққан. Бірнеше жылдан бері жалақы өспегенін айтқан жұмысшылар мекеме басшылығына талап қойып отыр. Айтуларынша, бір аптаның ішінде жалақыға қатысты мәселе шешілмесе, жұмысты тоқтатпақ.

"Біз жалақымызды көтеруді сұраймыз. Осы мекемеде 16 жылдан бері жұмыс істеймін. Жалақыны қай уақытта көтергені есімде жоқ. Құр уәдемен шығарып салады. Әкімдікке де арыз жаздық. Өткен жылы да, биыл да дәрігерлер мен фельдшер жалақысы өсті. Бізге қосылған жоқ. Барлық қара жұмысты істейміз. Көлігімізді де өзіміз жуамыз. Біз талап қойдық. Мынадай жалақыға жұмыс істей алмаймыз. Мәселеміз бір аптада шешілмесе, жұмысты тоқтатамыз", - дейді жүргізуші Бауыржан Исмайлов.

Қаладағы "103" қызметінің алдына жиналған жүргізушілер түнгі кезектен шығып тұрғандарын айтады. Олар жалақы мәселесін 5 жылдан бері көтеріп келе жатқанын жеткізді.

"Бұл - еліміздегі жедел жәрдем қызметінде жүрген жұмысшылардың жанайқайы. Дәрігерлердің жалақысы 3 жыл қатарынан 20-30 пайызға көтерілді. Жүргізушілердікі өзгеріссіз қалды. Енді біз мәселе шешілмесе тоқтамаймыз. Әкімдіктің алдына барамыз", - дейді жүргізуші Нұрлан Қошқаров.

Түнгі кезектен шыққан жүргізушілер азын-аулақ жалақысын несие мен азық-түлікке жеткізе алмай жүргендерін айтты.

"70-80 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейді. Әркімнің басында бір-бір несие. Қазір тамақ та қымбат. Жалақы көтеруді сұраймыз. Өзім осында 5 жылдан бері жұмыс істеймін. Жалақы көтерілген емес. Жедел жәрдем қызметі жекеге өткеннен кейін жағдай осы", - дейді жүргізуші Алтай Аманжолов.

Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметінде 200-ден астам жүргізуші бар. Олар бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалады. Жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері Марат Жанқұлов олардың наразылығын басшылыққа жеткізген.

"1 қаңтардан бастап дәрігерлер мен фельдшерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілді. Бәрібір бригадада жүрген жүргізушілер біздің жалақымыз неге көтерілмейді деп сұрайды. Мен жағдайды басшылыққа жеткіздім. Хат жазылды. "Сенім" кәсіподақ ұйымына, "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқармасына" ұсыныс жазылды. Ол жалғыз мен көтерген мәселе емес. Еліміз бойынша айтылып жатыр", - дейді Марат Жанқұлов.