Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Нұр-Сұлтан тұрғындары бір аптадан бері ауызсусыз отыр (ВИДЕО)

Айта кетейік, құбыры тесіліп, кәріз жүйесі істен шыққан баспанада 160-тан астам отбасы тұрып жатыр. Жағдайға көндіге алмағандары бөлмелерін жалға беріп кеткен.

Нұр-Сұлтан тұрғындары бір аптадан бері ауызсусыз отыр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Елордада жатақхана тұрғындары шу шығарды. Олар ауызсусыз отырғандарына бір аптадан асқанын айтып, шағымданды, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, кәріз жүйесі істен шыққан. Осының салдарынан тіршілік көзінен ажыратылыпты. Айта кету керек, әбден тозығы жеткен жатақхана тұрғындарының дені көп балалы аналар мен егде жастағы азаматтар. 

Иә, мұндағы тұрғындар табанымыздан тоздық деп қапалы. Базыналы жұрт қайда барса да жөнді жауап ала алмайтын көрінеді. Айтуларынша, мәселенің барлығына пәтер иелері кооперативінің жауапсыздығы себеп. Жатақхана іртетасының қаланғанына 50 жылға жуықтапты. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмеген, бүгінде тозығы жеткен. Соңғы жылдары кәріз жүйесінің істен шығуы да қалыпты жағдайға айналыпты. Алайда бұл жолғысы тұрғындарды әбден қажытқан көрінеді.

"Құбыр жарылды, астында канализация жарылды. Барлығы астына кетіп жатыр. Туалетті құлыптап, суды сөндіріп тастаған. Ол бірінші рет емес. Ол әрдайым солай болып жатыр. Құбырды біз өз қаражатымызға жөндейміз. Бірақ КСК-ның ақшасын әрдайым төлейміз", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жадыра Исманова.

Айтуларынша, тұрғындар жауапты пәтер иелері кооперативіне ай сайын ақша төлейді. Алайда көпшілік соңғы кездері жауапты орынның бар-жоғына да күмәнмен қарайды. Жергілікті әкімдік болса, бұл жатақханада пәтер иелері кооперативі жоқ екенін мәлім етті.

"Иә, аталған үй туралы хабардармыз. Қазіргі таңда бұл үйде қызмет көрсетуші, яғни КСК жоқ. Сол себепті, тұрғындарға ортақ мүлікті күтіп ұстау үшін заңға сәйкес мүлік иелері бірлестігін құруға бірнеше рет кеңес бергенбіз", - дейді Сарыарқа ауданы инспекциясының бөлім басшысы Еркебұлан Көшкінбай.

Жергілікті атқамінерлерден қайыр жоқ. Тығырыққа тірелген тұрғындар өз ішінен бас көтеріп, ортақ қаражат жинап, кем-кетігін түгендеуге кеңес береді.

Айта кетейік, құбыры тесіліп, кәріз жүйесі істен шыққан баспанада 160-тан астам отбасы тұрып жатыр. Жағдайға көндіге алмағандары бөлмелерін жалға беріп кеткен.