Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"19-рет күйеуге шыққандар болды" - Сириядан оралған әйелдің сыры

"Түркиядан Сирияға өту өте оңай. Шекарада темір қоршаулар болмады, адамдар еркін өтіп жүре береді. Шекарадан өткен соң бір ауылға жеттік. Күйеуім айтқан «Түркияның ауылы» Сирия болып шықты..."

"19-рет күйеуге шыққандар болды" - Сириядан оралған әйелдің сыры
фото: ашық дереккөз

2013 жылы Сирияға кетіп, 4 айдан бері Қазақстанда өмір сүріп жатқан 33 жастағы әйел оқиғасы туралы айтып берді, деп хабарлады Stan.kz.

Ол 2009 жылдан бері намаз оқыған. 1,5 жыл өткен соң намаз оқитын жігітке тұрмысқа шыққан. Күйеуінің қандай жолда жүргенін білмеген. Кейін күйеуі әйелін өзіне тартып, дінге көзқарасын ашық білдіре бастаған.

"Ол намаз оқымайтындарды "кәпір" деді. "Жиһадты" қатты қабылдамасам да, "мұсылман емес" деген түсінікті қабылдай бастадым. 2012 жылы қыста күйеуім "Украинаға жұмысқа кеттім" деді. 31 желтоқсанда достарымнан күйеуімнің шекарадан өткенін білдім. Бірақ қай ел екені белгісіз. Өзі хабарласпаған соң іздестіре бастадым. Бір ай өткен соң күйеуімнің хабарласып, "Жәннатта бірге болғанымызды қалаймын" деген сөзінен соң оның қайда кеткенін ұқтым. Артынан еріп, сол жаққа билет алдым", - дейді әйел.

Қазақстанда оның 8 жастағы қызы қалған. Сирияға барған соң күйеуін елге қайтаруға көндіремін деп ойлаған ол шиеленіс аумағында бірнеше жылға қалып қойған.

"Күйеуім Түркиядан күтіп алды. Себебі Түркиядан Сирияға өту өте оңай. Шекарада темір қоршаулар болмады, адамдар еркін өтіп жүре береді. Шекарадан өткен соң бір ауылға жеттік. Күйеуім айтқан "Түркияның ауылы" Сирия болып шықты. Түнде Сирияға келгенімізде адамдар қару-жарақпен жүрді. Күйеуімнен "Сирия ма?" деп сұрағанда "Иә" деді. Ол жерде бір апта болдым. Кейін "Үйге қайтуым керек" дегенде ол төлқұжатымды тартып алып, "Сенің қайда болғаныңды біліп отыр, түрмеге отырасың" деді.

Қорқып, айтқанынан шыға алмадым. Төрт жыл сол аумақта болдым. Сосын күрдтерге келдім. Күнде бомба. Өмірім үшін қорықтым. Сол жақта босандым. Күйеуім қаза тапқанша Сириядан кеткім келетінін айта алмадым. Ол қаза тапқан соң елге қайтатын жол іздедім. Жалынбаған адамым қалмады. Біреулер арқылы күрдтердің аумағына өттім. Шүкір, Қазақстан көп көмектесті. Қазақстан мені қабылдайды деп ойламаған едім. Күрдтердің жерінде 1,5 жылдай болып, сол жерден мені елге әкетті. Күйеуімнің қалай, қайда қаза тапқанын білмеймін", - деді әйел.

Оның айтуынша, қақтығыс аумағында әйелдер күйеуінің қазасын күтеді. Қазадан кейін оларды бір үйге орналастырады. Үйде не тазалық, не жарық, не тамақ болмайды. Шарасыздан әйелдер басқа біреуге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады.

"Олай жасамасаң, аштан өлесің. Екінші күйеуің соғыста 2-3 күн өтпей қаза табуы мүмкін. Бесінші, алтыншы рет, тіпті 19-рет күйеуге шығып жатқан әйелдер болды. Күйеуің болғанда тамаққа ақша беретін. Кейін ол да жоқ. Үйден жалғыз шығуға болмайды. Жаныңда еркек болуы керек. Қазақ қыздармен араласып тұрдық. "Үйге қайтқым келеді" деген сөзді айта алмаймыз. Айтатынымыз – күйеуіммен жәннатта болу. Елге қайтқым келді. Бірақ оны айтсам, басымды алады, не атып тастайды, не түрмеге қамайды. Солар сияқты болуға мәжбүр болдық", - дейді ол.