Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Агро саладағы ауқымды істер

Жамбыл облысы еліміздегі мал және егін шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Агро саладағы ауқымды істер
Фото: Тұңғыш Тынысбекұлы

Бұл аймақтың қолайлы табиғаты мен ерекше климатына да байланысты. Мәселен: оңтүстігі Іле Алатауымен астасып, Қырғызстанмен шекаралас жатса, солтүстігі еліміздің бетпақдаласына дейін ен даланы алып жатыр. Осы аймақтарда әсіресе қой мен ешкі, ірі қара және түйе малын өсіруге қолайлы келеді. Ал, тау бөктері мен Шу, Талас, Аса өзендерінің аңғарлары егістік егуге бейімделген. Сондықтан да, Киелі Әулиеата жерінде агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде, мал және егін шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі мол. Осыған байланысты, жыл сайын мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаражат бөлініп келеді. Мәселен: өткен 2023 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласына 77,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 11 мыңнан астам шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 484 агроқұрылымға 18,7 млрд. теңге несие берілді. Үкімет резервінен бөлінген 890,0 млн. теңге қаражат республикалық бюджетке кері қайтарылды.  Есепті жылы ауыл шаруашылығы саласында 567,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 97,0% құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына  44,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына  3,7 млрд. теңге инвестиция салынды. 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты.  2023 жылы облыста қант қызылшасы дақылы 10,8 мың гектарға егілді. Оның 6,2 мың гектары облыстағы қуаңшылық жағдайына байланысты жарамсыздыққа ұшырап, қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді.  2023 жылы 222,6 мың гектар алқапқа 55,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді.  Су үнемдеу технологиялары 57,3 мың гектарға енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.  2023 жылы 1 642 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жаңару көрсеткіші 13,1%-ға жеткізілді.  

Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал шаруашылығы саласында өндірілген ет - 2,8%-ға, сүт - 1,4%-ға ұлғайды. Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Есепті жылы өңірдегі жалпы мал саны 4,3 млн. басты құрап, 4,8%-ға артты.  «Ауыл Аманаты» жобасына келсек, 2023 жылы 24 млрд. теңгеге 10 аудандағы 38 округті қаржыландыру басталды. Алдын ала жасалған скрининг бойынша 4,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылады. Бүгінгі күні 19,1 млрд. теңгеге 3273 жоба қаржыландырылды. Олар жылыжайлар салу бойынша - 2 өтінім, мал шаруашылығын дамытуға - 3246 өтінім, кооперативтердің айналым қаражатын беру бойынша - 16 өтінім, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша - 24 өтінім, мамандандырылған кооперативтер яғни, эко чикен - шағын тауық өсіру фермасын ашу бойынша – 1 өтінім түскен. Сондай-ақ, өткен жылы 38 округте 33 кооператив құрылылып, оларға жергілікті бюджеттен есебінен 1 млрд. теңгеге 64 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен алынып берілді. 2023 жылы жалпы құны 9,1 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 165 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы, өткен жылы Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан да бірқатар іс- шаралар ұйымдастырылды.          

Мәселен, облыста тұқым шаруашылығын дамыту, отандық тұқымдарды тәжірибеден өткізу, агрохимиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бағытында ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, тұқым өсіруші серіктестік басшыларының қатысуымен «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық, ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік мәселелері» атты семинар өткізілді. 2023 жылдың 26-27 сәуір күндері өткен Жамбыл жерінде өткен «ZHEIF-2023» халықаралық инвестициялық форумы аясында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша бірнеше нысандар таныстырылып, облыстағы агроқұрылым басшыларының шетелдік компания өкілдерімен кездесуі өткізілді. Ал, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында еліміздің 15 облысынан келген өкілдерге оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, несие алған ауыл кәсіпкерлерінің іске асырылған жобалары таныстырылды. Одан бөлек, «Ауыл Аманаты» бағдарламасына енгізілген ауылдық округтердің әкімдері мен жаңадан құрылған кооператив төрағаларына арналған семинар-кеңес өткізілді. Сонымен қатар, облыста алғаш рет «Пияз ғажайып пайдалы өнім» атты көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірдегі пияз өсірушілермен республиканың басқа өңірлері арасында пияз алу бойынша келісім шарт жасалды. Облыс әкімінің қатысуымен «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбында «Егінжай-2023» облыстық дала семинары және ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Есепті жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 41 жәрмеңке өткізіліп, 1 481,1 млн. теңгені құрайтын 2 354,8  тонна өнім өткерілді.

Алғашында пилоттық жоба ретінде Әулиеата жерінде 2019 жылы басталып, кейін бүкіл еліміздің көлемінде жалғасқан ауыл адамдарына 2,5 пайызбен несие беруге арналған «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыруға 2024 жылы 13,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 1551 өтінімді қаржыландыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспар бекітіліп, ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. 2024 жылы бекітілген округтерде бөлінген қаржының 6,6 млрд. теңгесі мал сатып алуға, қалған 6,6 млрд. теңгесі кооперативтерге, су үнемдеу технологияларына, жылайжайларға, эко чикен мен гидропоникаға және жеке кәсіп ашуға бағытталатын болады.

Сондай-ақ биыл Жамбылда жалпы 644,5 мың гектарға дақылдар орналастырылуда. Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандармен егістік алқаптарға нақтылау жұмыстары жүргізіліп, былтырғы жылғы статистикалық мәліметтермен салыстырғанда 118 мың гектарға кеміді. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 364,7 мың гектарға,  майлы дақылдар – 45,8 мың гектарға,  қант қызылшасы – 7,9  мың гектарға,  картоп – 4,5 мың гектарға, көкөніс – 23,1 мың гектарға,  бақша дақылдары – 7,9 мың гектарға және мал азығы дақылдары – 190,5 мың гектарға егілетін болады. Егілетін 644,5 мың га алқаптан болжаммен 437,6 мың тонна масақты дақылдар, 384,8 мың тонна қант қызылшасын, 702,3 мың тонна көкөніс, 114,6 мың тонна картоп дақылдарын және 725,8 мың тонна мал азығын жинау жоспарлануда. Жалпы, сандар сөйлегендей биылғы жылы да Жамбылдық шаруалар еткен еңбек пен төккен тердің арқасында мол өнім алуды көздеп отыр. Қазір облысымыздың барлық өңірінде көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде. Сәуір айының ортасынан мал төлдету науқаны да басталып кетті. Агро саладағы ауқымды жұмыстар осылай жыл бойына жалғаса бермек.

 

Айбол ҚАРАШ