Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматы облысында интернеттің нашарлығынан балалар оқи алмай жүр

Ауыл тұрғындарының айтуынша, билік жергілікті тұрғындардың шағымдарына жауап бермейді...

Алматы облысында интернеттің нашарлығынан балалар оқи алмай жүр
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында интернет мәселесі әлі де шешілмей жатыр. Байланыстың нашарлығынан Үштерек ауылының мектеп оқушылары үйге берілген тапсырмаларын мұғалімдерге жібере алмайды. Салдарынан 5 алып жүрген бала 3-ке оқи бастаған. Әкімдік мәселені мойындап отырған жоқ, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.  

Жергілікті тұрғындар ауылда жақсы интернет ешқашан болмады дейді. Алайда бұрындары көшеде жүріп ұстауға болатын интернет бір ай бұрын мүлдем жоғалған.

"Менің немерем Рауан алтыншы сыныпта оқиды. Ол әрдайым оқу озаты болатын. Бірақ биыл оның бағасы үшке түсті. Себебі, бала ұстазына үй тапсырмаларын жібере алмайды. Біз мұғалімдерге түсіндіреміз, бірақ олар түсінгісі келмейді. Немерем таңертеңнен кешке дейін сабақ оқиды", - дейді Үштерек ауылының тұрғыны Айгүл Жақсыбаева.

Көптеген оқушы мен студенттер екінші жылға қалмас үшін көршілес елді мекендерге желі іздеп баруға мәжбүр.

"Үлкен қызым – студент. Ол Шамалғанға байланыс іздеп кетеді. Мен такси ұстауым керек. Бұл да шығын. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Ол сол жерде үй жұмысын істеп, қайтып келеді", – деді Үштерек ауылының тұрғыны Мұхтар Өмірзақов.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, билік жергілікті тұрғындардың шағымдарына жауап бермейді. Алматы облысы Әйтей ауылдық округінің әкімі Жарқын Қатубаев ауылда интернет бар деп мәлімдеді.

"Интернет бар. 2G және 3G-ді ұстайды. Мен байланыс операторларымен сөйлестім, олар жыл соңына дейін модернизация жүргіземіз деп уәде берді. Содан кейін интернет бойынша ешқандай проблема болмайды", - деп сендірді ол.