Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Қазақстанды кедейшілік жайлап барады..." - Досым Сәтпаев

Егер Еуропа елдерінің өлшемімен алсақ, онда ең төменгі жалақы 42500 теңге де емес, 70 мың теңге де емес, 100 мың теңге болуы тиіс...

"Қазақстанды кедейшілік жайлап барады..." - Досым Сәтпаев
фото: ашық дереккөз

Ресми деректерге көз жүгіртсек, Қазақстандағы кедейлердің саны 1 миллионға жуық. Алайда билік сандарды ойнатып, әлеуметтік жағдайдың шын бет-бейнесін ашпай отыр. Бұл туралы саясаттанушы Досым Сәтпаев айтты, деп хабарлады paryz.kz, forbes.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Қазақстан билігі кедейлердің шынайы санын жасыру үшін ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс есебін барынша аз көрсетіп, тұрмысы төмен азаматтарының санын әдейі төмендетіп отыр. Өйткені билік кедейшілік санын нақты көрсетер болса, онда қоғамдық наразылық туындап, әлеуметтік қауымдастық арасында беделі түсері анық. Сондай-ақ 30 елдің қатарына қосыламыз деген жетістік сағым болып қалмақ. Оның үстіне, кедей көбейсе, әлеуметтік салаға бөлінер бюджет қаржысы да көбейтілуі тиіс.

"Ал біздің шенеуніктер мұндай әрекетке баруға құлық танытпайды", - дейді Сәтпаев.

Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстан халқының 12-14%-ы - кедей. Бұл дерекке сүйенсек, елдегі кедейлердің саны 2 млн адам болып шыға келмек. Бұл көрсеткіш – Қазақстан билігі көрсетіп отырғаннан екі есе көп.

Дүниежүзілік банктің көрсеткішіне сәйкес, күніне 5,5 доллар ақшадан аз табатындар кедейлер қатарына енуі тиіс. Бұл сома біздің көрсеткішпен айына 70 мың теңге болып шығады. Яғни, айлығы 70 мың теңгеден аз азаматтардың барлығы кедей болып саналады.

"Ал біздің билік ең төменгі күнкөріс сомасын 34 200 теңге деп бекітті. Яғни, 42 500 теңге алған азамат - біздің шенеуніктердің көзімен қарағанда, кедей емес, орта тап. Ал 70 мың теңге айлығы барлар - мүлдем "бақытты ғұмыр" кешіп жатқандар", - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, егер Еуропа елдерінің өлшемімен алсақ, онда ең төменгі жалақы 42500 теңге де емес, 70 мың теңге де емес, 100 мың теңге болуы тиіс. Өйткені Еуропада тұтынушы кәрзеңкесіне 250-300 азық-түлік сыяды, ал бізде – 40 азық-түлік қана.