Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматылық құтқарушылар 2 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

"Бұл аралықта еңбекақымыз 100-ден 130 мың теңгеге дейін өсуі керек болған. Жалпы бізде жалақыдан бөлек, қосымша сағаттарға үстемақы төленуі керек. Бәрі түсініксіз есептеледі", - дейді олар.

Алматылық құтқарушылар 2 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр
фото: дереккөз

Бүгін қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жанына жиналған құтқарушылардың айтуынша, оларға бірнеше ай бойы үстемақы төленбеген. Ал желтоқсан мен қаңтар айларында жалақыларын мүлдем алмаған. Отбасыларын асырау үшін таксист болып жұмыс істеуге немесе басқалардан қарыз алуға мәжбүр екен, деп хабарлады paryz.kz, holanews.kz-ке сілтеме жасап.

"Барлық жігітте несие бар. Банкке анықтама апарса, оны қабылдамайды. Біреудің екі несиесі бар. Бұл жұмыстан басқа жұмыс жоқ, бірақ отбасымызды асырауымыз керек. Біз жай ғана істеген жұмысымыз үшін жалақымызды талап етеміз. Жалақымызды бермейтіндей, жұмыс істемей қойған жоқпыз. Барлық жұмысты атқарып жүрміз. Шұғыл жағдайлар болса шығамыз, реттейміз. 300-400-ге жуық адам жұмыс істейді. Ешкім жалақы алған жоқ", - дейді 13 жыл құтқару қызметінде жұмыс істеген Омар Мұсаев.

Оның айтуынша, құтқарушылар карантин кезінде жедел жәрдемге де көмек берген. Ешқандай жеңілдіктер, ешқандай талаптар қоймаған. Алайда соған қарамастан, карантин кезінде жалақыларын қысқартып тастаған.

"Бұл аралықта еңбекақымыз 100-ден 130 мың теңгеге дейін өсуі керек болған. Жалпы бізде жалақыдан бөлек, қосымша сағаттарға үстемақы төленуі керек. Бәрі түсініксіз есептеледі. Мерекелерде де қосымша сыйлықақылар алмаймыз. Қала өсіп келеді, жұмыс көп, ал жалақы сол қалпында. 10-11 жыл бұрынғыдай емес, бәрі қымбаттады. Ең алдымен әкімге шығамыз. Менің ойымша, ол бұл мәселені шешеді. Өйткені бұл Қазақстандағы жалғыз қызмет емес пе? Біз тауға да, суға да, жол-көлік оқиғаларына да шығамыз. Құтқару техникасы да 2011 жылдан бері жаңартылмаған. Біз дұрыс форма, аяқ киім, тау-кен жабдықтарын бергенін қалаймыз", - дейді Омар Мұсаев.

Ал әкімдік өкілі Әсет Мұқажановтың айтуынша, құтқарушылардың жалақысы ертең төленеді. Осы кезге дейін бухгалтерияда проблемалар болған-мыс.

"Жалақы өспейді. Олар жұмысқа тұрып жатқанда білді ғой, жалақы көлемін. Бұл - бюджет жоспары бойынша заңмен бекітілген жалақы. Оны өзгерту үшін Мәслихатқа хат жазу керек және тағы басқа да жұмыстар жасау керек. Оны әкімдік шешпейді, мемлекеттік деңгейде шешілетін шаруа ғой", - деді Мұқажанов.

Сондай-ақ әкімдік кейін қосымша тағы ақпарат беретіндерін уәде етті.