Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Екінші туған күнім»: 8 наурызда пойыз астына түсіп аман қалған арудың жетістіктері

8 наурыз мерекесіне орай Azattyq Ruhy іскер, табысты, қоғамда белсенді әйелдер туралы материалдар сериясын жариялайды.

«Екінші туған күнім»: 8 наурызда пойыз астына түсіп аман қалған арудың жетістіктері
Фото: Гүлмирам Сражованың жеке мұрағатынан

Қоғам өміріне белсенді араласып жүрген нәзік жандының бірі – ақтөбелік Гүлмирам Сражова. Ол жастайынан екі аяқ, сол қолынан айырылса да, тағдырдың ауыртпалығына мойымай, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына септігін тигізіп келеді.

Гүлмирам Аманжолқызы 1973 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс селосында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол Жарқамыс орта мектебінің 9 сыныбын үздік аяқтап, 1988 жылы Атырау қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. 1989 жылы абайсызда поездың астына түсіп, екі аяқ, сол қолынан айырылған. Бірнеше отадан өтіп, өмірге қайта келген қайсар қыз 1998 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «бастауыш мектеп педагогикасы және әдістемесі» факультетіне оқуға түседі. 2001 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, сол жылы Ақтөбе қаласындағы №36 орта мектепке бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

«Біздің қоғамдық бірлестіктің міндеті - мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету, олардың тұлға ретінде жан-жақты дамуына жағдай жасау. Біз мыңнан астам мүгедек арбамен қозғалатын тірек мүшесі зақымданған адамдармен жұмыс істейміз. Олардың жан жарасының жазылуына, өмірге араласуына көмектесеміз.  Бірлестіктің басшысы Құралай Байменованы ақтөбеліктер жақсы таниды. Өте жігерлі жан», - деді ол.

Гүлмирам студент кезінен бастап мүгедектер арасындағы спортпен айналыса бастаған. 2002 жылы ҚР-нің І Паралимпиадалық Ойындарының қола жүлдегері атанды. Кейін 2015, 2019, 2023 жылдары ҚР-нің Паралимпиадалық Ойындарының чемпионы болды. 2002 жылы мүгедектер арасындағы жеңіл атлетикадан үштік сайыс бойынша ҚР-ның спорт шебері атағы берілді. 2005 жылдан бері Құралай Байменова басқаратын «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтар одағы» қоғамдық бірлестігіне атқарушы директоры. Ол өзінің белсенді іс-әрекетімен «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыруға атсалысып келеді. Гүлмирам өз өмірімде үлкен қиындық бар деп есептемейді. Оның айтуынша, адам маңдайына жазылған тағдырын қабылдауы керек.

«Мен өзімнің өмірімді барынша қызықты, мағыналы және мәнді етуге тырысып келе жатырмын. Сондықтан болар осы күнге дейін жылап-еңіреп, өзге адамға салмағымды салып көрген жоқпын. Егер сіз мақсат қойсаңыз, оған жетуге ұмтылсаңыз, кез келген қиындықты жеңіп шыға аласыз. Ал егер тағдырымда кездескен қиындыққа біреу кінәлі, маған біреу көмектесуге міндетті деп күтіп отырсаңыз, мәселеңіз өздігінен шешілмейді. Менің айналамда қолдау көрсететін, ақыл-кеңес беретін, өмірімнің қызықты болуына септігін тигізіп жүрген адамдар бар. Солардың арқасында мен қазір тұлға ретінде өсіп, дамып келе жатырмын деп айта аламын. Егер осындай ұстаныммен өмір сүрсеңіздер, шынайы, белді, белсенді азаматтың бірі бола аласыздар», - деді ол.

Гүлмирам Сражова ең алдымен өзінің анасына қарыздар екенін айтады. Ол әкесінен ерте айырылса да, ананың мейірімін, қамқорын көріп, жан жылуын сезініп өсті.

«Менің ен үлкен ұстазым, өмірдегі ақылшым, жанашыр құрбым, ең жақын адамым ол – менің анам Сәуле Құттыбаева. Сол кісінің арқасында тұлға ретінде өсіп, бақытты өмір сүріп келе жатырмын. Жасым 50-ге келсе де, анам үшін бала болып қала берем», - деді кейіпкер. 

Гүлмирам қазір өзі де бақытты ана. 2021 жылы пандемиядан соң Мариам-Асылай атты қызы дүниеге келді. Бүлдіршін тәрбиелеп отырған ана ретінде барлық әйел қауымына ана бақытын тілейді.

«Менің тағдырымда орын алған қиындық 8 наурыз күні болған еді. Бірақ мен бұл күнді қайғы күні деп емес, керісінше екінші туған күнім деп есептеймін. Сондықтан осындай керемет көктем мерекесімен барлық нәзік жандыларды құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, әйел бақытын тілеймін», - деді ол.