Кейіннен белгілі болғандай, бойжеткен жұмыс істеп, ақша таппақ болған...
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 16 жастағы қызды Алматы қаласынан тауып, отбасына қайтарды, деп хабарлады paryz.kz, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, күндізгі сағат 16:30 шамасында 16 жастағы қызы дүкенге барып келемін деп үйден шығып, содан оралмаған.
"Полиция қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Халық көп шоғырланған аймақтарға қыздың суреттері ілініп, ТО ПД аудандық, қалалық полиция бөлімі, басқармаларына бағытнамалар жіберілді. Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде, бір тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталды. Ол Алматы қаласынан табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды", - делінген хабарламада.
Кейіннен белгілі болғандай, бойжеткен жұмыс істеп, ақша таппақ болған. Осылай ата-анасына көмек беруді ойлап, Алматы қаласының қонақүйлерінің біріне тұрақтаған. Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді.