Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Балаларын қараусыз қалдырған мас әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Тексеру барысында 42 жастағы әйелге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін үш рет хаттама толтырылғандығы анықталды.

Балаларын қараусыз қалдырған мас әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін
фото: ашық дереккөз

Қызылордада екі баласын қараусыз қалдырған әйел ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлады paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Сайт мәліметінше, 2021 жылдың 3 ақпаны күні Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарының біріне 1979 жылы туған әйел масаң күйде келіп, азаматтардың мазасын алған. Бұл дерек бойынша оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабымен ("Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") әкімшілік хаттама толтырылып, ол уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.

"Мектеп әкімшілігі мен тәртіп сақшылары азаматшаның тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында жоғарыда көрсетілген азаматшаның кәмелетке толмаған екі баласының қараусыз әрі қадағалаусыз қалғанын анықтады. Осыған орай, әйелдің кәмелетке толмаған 6 жастағы қызы облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, 1,5 жастағы қызы көпбейінді балалар ауруханасына орналастырылды. Тексеру барысында 42 жастағы әйелге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін үш рет хаттама толтырылғандығы анықталды", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері аталған әйелді ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу мәселесін шешу үшін қала әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысына құжаттар жинақтап жатыр.