Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматы тұрғыны күйеуі мен төрт баласы бола тұра басқа азаматқа тұрмысқа шыққан

Алматы облысының тұрғыны Жаңагүл Керімбекова үйінен бірнеше рет кетіп, жоғалып кеткен. Қызына құлдыққа түсіп қалдым деп айтқанымен кейін күйеуі, төрт баласы бар әйел басқа адамға тұрмысқа шыққаны белгілі болды. 42 жастағы әйелдің жаңа төркіні оның отбасы болғанын білмеген. Алматы облысы тұрғынының оқиғасын Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы тұрғыны күйеуі мен төрт баласы бола тұра басқа азаматқа тұрмысқа шыққан
Фото: видеодан скриншот

Жаңагүл Керімбекова үйіне тойға кеттім деп айтып, Қызылорда облысына тұрмысқа шығып кеткен. Тіпті кішігірім беташар тойы да өткен. Бірақ сол кезде оған үйіндегі күйеуі мен төрт баласы іздеу салған.

“Анамыз бізді осыдан үш ай бұрын тастап кетті. Біз сұраған кезде құрбымның тойына барамын. Бір аптада қайтып келемін деді. Кейін пойыздан түстім деп сіңліме түнгі сағат екіде жазған екен. Одан соң мүлде жоқ болып кетті. Бір апта өтті, біз уайымдағаннан кейін іздеуге бердік. Бізге керек емес енді. Қаншама рет үйге әкеліп, кешірдік. Енді оны аналық құқығынан айырып, бізге әлеуметтік көмек болса және әкеме жалғыз басты әке ретінде көмек болса дейміз”, – деді қызы Жаңагүлдің үлкен қызы Аружан Сыбанқұл.

Кейін Жаңагүл “Қызылордада құлдықтамын” деп хабарын жеткізген.

“Мен негізі екі қызбен келгем. Барамыз да екі апта жұмыс істеп, 500 мың теңге жалақы алып қайтамыз деп өздері билет әперді. Бір апта деген, білмеймін, қасымдағы қызды да білмеймін қай жаққа алып кеткенін”, – деген Жаңагүл қызына телефон арқылы.

Отбасы полицейлерге жүгінгеннен соң бес тәуліктен кейін келіншек Қызылорда облысынан табылған. Ол басқа ер адамға тұрмысқа шыққан.

“TikTok желісінде біраз адамдармен араласатын. Алайда Ақтауда біздің ешқандай туысымыз, оның да танысы жоқ. Бір апта бұрын әкемнен құрбысының тойына баратынын айтып сұранды. Әкем қарсы болды. Кейін “мені ешқайда шығармайсың” деп ренжіген соң, әкем билетін алып беріп, шығарып салды. Анамның басқа еркектермен сөйлесіп жүргенін үш жыл бұрын білдік. Үйдегі інім екеуіміз біліп қойған соң бізден кешірім сұрап, енді олай қайталамайтынына уәде етті. Ал әкем білмейтін. Үш жыл бұрын ата-анам жұмыс істейміз деп бәріміз қалаға көшіп келдік. Сол кезден бастап анамның ойы басқа жаққа бұрылды. Қонақүйде жұмыс істеймін, сол жақта ауысымда боламын деп үйде жиі қонбайтын. Телефонын ешкімге ұстатпайтын. Бізге көңіл аударуды мүлдем қойды”, – деп ренжіп отыр қызы.

Бұл оқиғалардың бәрін естіп, көріп отырған Жаңагүлдің күйеуі аң-таң. Айтуынша, арасында кикілжің болғанымен ерлі-зайыптының қарым-қатынасы жақсы болған. Бұл оқиғаға күйеуі ғана емес, әйелдің жаңа “төркіні” де таңданып отыр. Тұрмысқа шыққан күйеуі, отбасы Жаңагүлдің заңды некеде екенін, төрт баласы бар екенін білмеген.

Ал Жаңагүл Керімбекова күйеуінің ішетінін, ұрыс-керіс болатынын айтты. Ол үйден кетуінің себебін осы жағдайлармен түсіндірді. Айтуынша, отбасына оралғысы келмейді. Қызы Аружан да анасына ренжіп, “мұндай ана керек емес” деп отыр.

“Бізге керек емес енді ол кісі. Өйткені біз анамыз адам болмайтынын біліп тұрмыз. Қанша мүмкіндік бердік, кешірдік, қоймады. Бізге тек оның аналық құқығынан айырылуы және алимент ретінде жалғызбасты әкеме көмек ретінде төлем жасалуы ғана керек”, – деді қызы Аружан.