Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Мемлекеттік қызметшілер халыққа заңсыз үстемдік жасап келеді" - Қазыбек Иса

Осы орайда ол елге келген миллиондаған қандастар мен ауыл тұрғындарының мемлекеттік органдарда өз тілінде қызмет ала алмай жүргенін еске салды.

"Мемлекеттік қызметшілер халыққа заңсыз үстемдік жасап келеді" - Қазыбек Иса
фото: ашық дереккөз

Мәжіліске жаңадан сайланған депутат Қазыбек Иса премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдап, барлық мемлекеттік қызметші үшін қазақ тілін білу міндетін енгізуді талап етті, деп хабарлады paryz.kz.

Қазыбек Исаның айтуынша, мемлекеттің негізін құраушы қазақ ұлтының қызметті, не ақпаратты мемлекеттік тілде ала алмауы - нағыз парадокс.

"Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78 пайызға жетіп қалды. Ресми мәлімет бойынша қазақ халқы мен қазақша түсінетіндерді қосқанда, жалпы саны – 88,7 пайыз болған. Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығын аяқасты етіп отыр", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол елге келген миллиондаған қандастар мен ауыл тұрғындарының мемлекеттік органдарда өз тілінде қызмет ала алмай жүргенін еске салды. Ал жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халық пен билік арасындағы алшақтықты көрсететінін айтты.

"30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуі керек деген талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл", - деп атап өтті ол.

Бүгінде мемлекеттік тілді еркін білу талабы тек президенттікке үміткер адамдарға ғана қойылады. Басқа мемлекеттік қызметшілер үшін ондай талап жоқ.

"14 миллиондай (78%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшіден (оның 90%-дан астамы қазақ ұлтының өкілі!) қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде ала алмауы - нағыз парадокс! Сонда жарты пайыз мемлекеттік қызметші 78 пайыз халыққа заңсыз үстемдік жасап келеді", - дейді депутат.

Оның ойынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті. Ал "суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес".

Осыған байланысты бір топ депутат бірқатар шараны қолға алуды ұсынды. Олар:

- Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

- Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу;

- Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, іс-қағаздарын, ақпараттары мен есептерін ресімдеудің негізгі нұсқасы тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс;

- Мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейту.

"2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық кеңес мүшелерімен кездескен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсынысымыз қаралғанын, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының тұжырымдамасы жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы Үкіметте қозғаусыз жатыр", - деп сөзін аяқтады депутат.