Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Akon-ға іш киімдерін лақтырған қыздарды сынаған депутатқа Дүйсенова жауап берді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың шетелдік әртістердің концертіне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.

Akon-ға іш киімдерін лақтырған қыздарды сынаған депутатқа Дүйсенова жауап берді
фото: әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыста Қазақстанға келетін шетелдік әншілерге талап қою керегін айтып, Akon-ның концертінде теріс қылық көрсеткен қыздардың әрекетін сынап, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған болатын.

Депутат Akon-ның концертінде жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетіп, еліміздің беделіне нұқсан келтіргенін айтқан еді.

Енді вице-премьер депутаттың көтерген мәселесіне қатысты ресми жауабын берді.

Естеріңізде болса, Аманжол Әлтай шетелдік әртістердің Қазақстанда гастрольдік сапарын өткізуін қатаңдату керегін айтқан болатын. Үкіметтің жауабында заңнама аясында мәдени іс-шараларды өткізу тәртібі регламенттелгені айтылған.

Заңда мынадай ережелер бар:

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған, сондай-ақ жалпыға бірдей қабылданған мораль мен имандылық нормаларына қайшы келетін контентті пайдаланбауға;

- әртістермен жасалған шарттар негізінде ойын-сауық мәденибұқаралық іс-шаралар өткізгенге дейін және оларды өткізу уақытында көрермендермен қарым-қатынас кезінде олардың тиісті мінез-құлқын, оның ішінде нормативтік емес лексикадан, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынудан көрінуі мүмкін олардың аморалдық, әдепсіз мінез-құлыққа жол бермеуін қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік процестік кодексіне сәйкес жеке тұлғалар ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда жүрістұрыс қағидаларын бұзғандығы үшін жауапкершілікке тартылады.

Шетелдік әртістердің қатысуымен концерттер өткізу туралы мәселе 2023 жылғы 20 желтоқсанда менің төрағалығыммен Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, Ішкі істер, Цифрландыру министрліктерінің қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Кенестің қорытындысы бойынша аталған концерттерді бекіту тәртібін жетілдіру бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма берілді, - делінген Дүйсенованың жауабында.

Үкімет мәлімдегендей, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмысын жақсартуға бағытталған шараларды күшейту және балаларда жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, жауапкершілік пен патриотизм сезімдерін қалыптастыру мақсатында барлық мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесіне «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді.

Бағдарламаның мақсаты - жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасы шеңберінде саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелері менің төрағалығыммен өткен отырыста қаралып, нәтижесінде Жастар саясатын жетілдіру жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Сонымен қатар білім алушыларды мемлекеттік тіліміз бен салтдәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды құрметтеуге тәрбиелеу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

Осы мақсатта 1-11-сыныптарға арналған білім беру бағдарламалары мен оқулықтарға балалардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, өз ата-бабаларының жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытуға арналған тақырыптар енгізілген.

Дүйсенова өз жауабында салт-дәстүр және ұлттық құндылықтарды арнайы пән ретінде емес, оқыту тәрбиелеу процесі арқылы кешенді қолға алынғанын жеткізді.