Бекболат Тілеухан ресейлік журналист Тина Канделакидің мәлімдемесіне жауап берді, - деп хабарлайды Paryz.kz Massaget сайтына сілтеме жасап.
«Блогерлер мен қарапайым желі қолданушылары орыс тілін ығыстырумен айналысып жатпағанымызды айтып, жауап берді. Біз ана тілімізді, мемлекеттік тілімізді лайықты орнына қайтаруға тырысып жатырмыз. Бұл, біріншіден. Екіншіден, бекеттерге, көшелерге, қалаларға қандай атау беру керегін әр елдің өзі шешуге құқығы бар. Бұған жауап ретінде ақыл-ойын жоғалтқан "мәңгүрт" туралы айта бастадыңыз. ...Сіз күллі қазақты мәңгүрт деп меңзедіңіз бе? Егер бұл сөздің мағынасын білсеңіз, онда бүкіл халыққа қаншалық қиянат жасағаныңызды білуіңіз керек еді. Медиасферадағы адам ретінде сөздің бағасын білуіңіз керек еді. Сондықтан қазір істеп жатқан ісіңіз - саналы түрде арандату», - дейді ол.
Сонымен қатар, Бекболат Тілеухан қазақ халқы қиын шақта түрлі ұлт өкілдерін қабылдағанын еске салды.
«Біз ұлтына қарамастан Еділден келген немістерді, ингуштар мен шешендерді, балқарлар мен қарашайларды, поляктарды, күрдтерді, осетиндіктерді және Қазақстанға жер аударылған басқа да халықтарды қабылдадық. Кавказ халықтарынан қазақтар суықта қалған балаларды, әйелдер мен қарттарды қалай құтқарғаны туралы әңгімелерді естуіңіз керек еді. Біз, қазақтар, адамдарды қиындықта тастай алмаймыз, олардың сенімі, тілі мен ұлты бізге маңызды емес. Егер халқымыздың қарттарды аязда қуып жіберуге қауқары жетеді деуге батылыңыз барса, онда нағыз мәңгүрт біз емес, сіз. Сіз мәңгүртсіз. Сіз тарихты естен шығардыңыз немесе білмейсіз», - деді Бекболат Тілеухан.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында «Қазақстанда орыс тілі баяу түрде ығыстырылып жатқанын» айтып, жазба жариялады.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бірқатар станция атауын өзгерту туралы шешімін ресейлік тележүргізуші осылай қабылдаған.
Ол мысал ретінде «Уральск» бекетінің атауы «Орал», ал «Узень» бекетінің атауы «Жаңаөзен» болып өзгергенін келтіреді.