Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Көк дамбалдың желбірегені...": Біләштің үстінен қозғалған қылмыстық істің бірі қысқарды

Полиция жауабында көрсетілген тергеу тобының өкілдері жауап беруден бас тартты. Полицияның баспасөз қызметі де жауап бермеді.

"Көк дамбалдың желбірегені...": Біләштің үстінен қозғалған қылмыстық істің бірі қысқарды
фото: ашық дереккөз

Шыңжаңдағы қудалаулар туралы айтқаны үшін "қысымға ұшырап", Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген белсенді Серікжан Біләштің үстінен қозғалған екі қылмыстық істің бірі қысқарды, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Бұл туралы оның адвокаты Шынқуат Байжанов мәлімдеген. Ол бір күн бұрын Facebook желісінде "Әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қозғалған істің тоқтатылғаны жайлы Алматы қалалық Полиция департаментінен келген жауапты жариялады.

Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың қолы қойылған хатта қылмыстық істің 2020 жылы мамыр айында жүргізілген сот-сараптамасының қорытындысы негізінде қысқартылғаны жазылған.

Адвокат Шынқуат Байжановтың сөзіне қарағанда, бұл іс былтыр көктемде Біләштің жиындардың бірінде "Көк дамбалдың желбірегені" деген тіркесті қолданғаны үшін ашылған.

"Қытай қазақтары арасында "Көк дамбал" деген әзіл өлең танымал. Авторы Құранбай Байжиен. Серікжан Біләш Қытай қазақтарына қарата осы өлеңді меңзеп, "Көк дамбалдың желбірегені" деген тіркесті қолданған. Соның артынша полицияға "көк туды көк дамбалға теңеді" деген арыз түскен. Жаңағы әнді білетіндер Серікжанның сөзін дұрыс түсінген болар еді. Серікжанның сөзіне лингвистикалық сараптама жасаған мамандар алауыздық қоздыратын ештеңе табылмады деген дұрыс қорытынды жасады", - дейді адвокат Азаттық тілшісіне.

Полиция жауабында көрсетілген тергеу тобының өкілдері Азаттыққа жауап беруден бас тартты. Полицияның баспасөз қызметі де жауап бермеді.

Тағы оқи отырыңыз: "Барлықтарың қандықолсыңдар!": Біләш Тілеуханға қарсы шықты (ВИДЕО)

Еске сала кетейік, Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанның құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, былтыр қыркүйек айында елден кеткен болатын.